Қазақстанда әскерге шақырылушыларды психологиялық тұрғыдан іріктеудің жаңа әдісі – PSY-РИСК жүйесі кеңінен енгізіле бастады. Бұл жүйе әскердегі суицидке бейімділікті ерте кезеңде анықтауға бағытталған. Жаңашылдықтың негізгі мақсаты – жеке құрамның психологиялық тұрақтылығын арттырып, әскери ортадағы қайғылы жағдайлардың алдын алу.
Жүйені Қорғаныс министрлігінің әскери психологтары әзірлеген. Ол 2025 жылғы көктемгі шақыру науқаны кезінде сәтті сынақтан өтті. Нәтижесінде, 470-тен астам жас жігіттің суицидке бейімділік белгілері анықталып, олар әскер қатарына алынбай, қосымша тексеруге жіберілді немесе босатылды.
PSY-РИСК жүйесі бірнеше кезеңнен тұрады:
-
бастапқы психологиялық скрининг,
-
тереңдетілген психологиялық зерттеу,
-
қажет болған жағдайда психиатриялық сараптама.
Мақсат – психоэмоционалдық тұрғыда әскери қызметке дайын емес жастарды уақытылы анықтап, оларды шақырылушылар қатарынан шығару.
Қорғаныс министрлігінің Психологиялық және әскери-әлеуметтік жұмыс басқармасының басшысы, подполковник Арман Қалышевтың айтуынша, бұл бастама үкімет тапсырмасы бойынша жүзеге асырылуда және алдағы уақытта жүйелі алдын алу шараларының бір бөлігіне айналады.
«Біз тек психологиялық тұрғыдан тұрақсыздарды анықтап қана қоймай, болашақ әскери бөлімдерде туындауы мүмкін қауіптің алдын алуға тырысамыз. Мұнда сөз адамдардың өмірі, денсаулығы мен бөлімдердегі моральдық-психологиялық ахуал туралы болып отыр», – деді Қалышев.
Айта кетейік, бұған дейін Қорғаныс министрінің орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаев сарбаздар арасындағы суицидтің көбіне «отбасылық жағдайларға байланысты» орын алатынын мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, әскери қызметкерлер жауынгерлік қару қолданатындықтан, жарақат алу қаупі жоғары болып қала береді. Ведомство мәліметінше, өлім жағдайларының 90 пайызы әскери қызметтің өзімен тікелей байланысты емес.
