«Шын-Ар» ақпараттық порталы
ӘлеуметБасты ақпарат

Ақбөкен еті Ақтөбеде тапшы өнімге айналды: бағасы – 1800 теңге/кг

Ақбөкен еті тапшы

Ақтөбеде ақбөкен етінің саудасы қыза түсті: екі күнде үш тонна сатылды

Ақтөбеде ақбөкен (киік) етіне сұраныс күрт артты. Соңғы екі күннің ішінде қаладағы «Алтай» сауда орталығында үш тоннаға жуық киік еті сатылған. Тұрғындар бұл еттің бағасы қолжетімді әрі денсаулыққа пайдалы екенін алға тартып отыр.

Сауда орталығы әкімшілігінің айтуынша, киік еті Батыс Қазақстан облысынан жеткізіледі және толық санитарлық бақылаудан өтеді.

«Бүкіл құжаттарымен, зертханалық сараптамадан өткен. Халық жақсы алып жатыр. Бағасы — килограмы 1800 теңге. Екі күнде 3 тоннадай сатылды. Егер сұраныс сақталса, тағы әкелеміз», — дейді сауда орталығының әкімшісі Гүлнара Тілеу.

Киіктің тұтас мұздатылған еті орта есеппен 30–35 мың теңге шамасында сатылады. Бұл — қазіргі сиыр еті бағасымен салыстырғанда әлдеқайда арзан. Мәселен, сиыр етінің келісі бүгінде 4 мың теңгеге дейін жеткен.

Диеталық тағам ретінде бағалануда

Ақбөкен етіне қызығушылық тек бағасына байланысты емес. Мамандардың айтуынша, киік еті — диеталық өнім. Ол бауыр, асқазан және қант диабетімен ауыратын жандарға ем ретінде ұсынылады.

«Ауылда жазда үнемі қуырдақ қылып жейтінбіз. Бала күніміз киіктің етімен өтті. Қалтаны да қақпайды. Қуырдаққа өте пайдалы», — дейді тұрғын Шәрбат Сәрсенбаева.

Ал қала тұрғыны Светлана Иванова киік етінің тағамдық сапасын ерекше атап өтті:

«Сиыр еті 4 мың теңге болса, киік еті — 1800 теңге. Арзан әрі диеталық тағам. Қуырып жеуге, борщқа қосуға жақсы. Кеңес үкіметі кезінде келісі 1 рубль болатын. Сатыла бергені дұрыс».

Заңмен реттелген, бірақ сұрақ туғызатын тұстар бар

Қазір Ақтөбе облысында 450 мыңға жуық ақбөкен бар. Алайда киіктерді атуға ресми рұқсат берілмеген. Соған қарамастан, нарықта киік етінің ашық сатылуы қоғамда түрлі пікір тудыруы мүмкін. Саудагерлердің айтуынша, ет заңды жолмен әкелініп, барлық санитарлық және ветеринарлық тексерулерден өтеді.

Жергілікті мамандар да сатылымға шығарылған еттің сапасына қатысты алаңдауға негіз жоқ екенін айтуда — барлығы талапқа сай және тексеруден өткізілген.

Ұқсас жаңалықтар

Азық-түлік бағасының өсуі бойынша Қазақстан әлемдік бестікке кірді

Алматы әкімінің экс-орынбасары Ержан Бабақұмаров қайғылы жағдайда қаза тапты

Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мен кәсіпкер Гаджиевтің ұсталғаны туралы ақпарат жалған болып шықты