Қазақстан үкіметі жақын арада ең төменгі жалақыны көтеруді жоспарлап отырмағанын мәлімдеді. Бұл туралы Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз конференциясында Премьер-министрдің орынбасары, Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин хабарлады. Оның айтуынша, қазіргі уақытта ең төменгі жалақыны көбейту мәселесі қарастырылып жатқан жоқ. Қазіргі деңгейі – 85 мың теңге.
Алайда бұған дейін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова ең төменгі жалақының артатынын айтып, мәлімдеме жасаған еді. Сонымен қатар, қаржы министрі Мәди Такиев те жалақы мөлшері 90 мың теңге шамасында болуы керек деген пікір білдірген. Дегенмен, ол өз сөзінің нақты жоспар емес, тек есептік деректерге негізделгенін түсіндірді. Оның айтуынша, қазіргі экономикалық жағдайды ескере отырып, ең төменгі жалақыны бұрынғы деңгейде қалдыру туралы шешім қабылданған.
Айта кетейік, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2026 жылдың бюджетінде зейнетақы мен әлеуметтік төлемдерді арттыруға 622 млрд теңгеден астам қаржы бөлінеді. Бұл өсім болжамды инфляция деңгейіне сәйкес – шамамен 10 пайызды құрайды. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап ынтымақты және базалық зейнетақылар, мүгедектік және асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақылар көбейеді. Мәселен, базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 32 360 теңгеден 35 596 теңгеге дейін, ал ең жоғарғысы 50 851 теңгеден 55 936 теңгеге дейін өседі.
