11 ақпанда бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде Kaspi Gold төлем картасының бір жылдық қызмет ақысы 10 мың теңгеге дейін көтеріледі деген ақпарат тарады. Алайда қаржы мекемесі бұл мәліметті ресми түрде жоққа шығарды.
Kaspi.kz таратқан хабарламада тарифтер мен қызмет көрсету шарттары өзгермейтіні атап өтілді. Банк өкілдерінің айтуынша, интернет кеңістігінде жылдық қызмет құны өседі, картаны қайта шығару талаптары өзгереді және басқа банкке аударым комиссиясы көбейеді деген жалған ақпарат тараған.
Қаржы ұйымы бұл қауесеттің шығуына жаңартылған заң құжатындағы нормаларды қате түсіндіру себеп болғанын түсіндірді. Аталған құжатта Қазақстан заңнамасына сәйкес тек шекті (максималды) мәндер көрсетілген. Бұл нақты қолданыстағы тарифтердің өзгергенін білдірмейді.
Банк елеулі өзгерістер енгізілген жағдайда клиенттерді алдын ала хабардар ететінін мәлімдеді.
Қазіргі таңда Kaspi Gold картасының алғашқы жылдағы қызметі тегін. Кейінгі жылдары жылдық қызмет ақысы 1995 теңгені құрайды.
