«Шын-Ар» ақпараттық порталы
ӘлеуметБасты ақпаратБілімҚоғамТіл

Алматыда №215 қазақ мектебінде орыс сыныптарын ашуға ата-аналар қарсы шықты

Алматыда ата-аналар №215 мектепте орыс сыныптарының ашылуына қарсы наразылықтарын білдіруде. Бостандық ауданында орын алған бұл мәселе әлеуметтік желілерде қызу талқыланып, қоғамда үлкен резонанс тудырды.

 

Жаңа оқу жылынан бастап №215 мектепте орыс сыныптарын ашу жоспары жария болған соң, ата-аналар білім ордасының тек қазақ тілінде қалуын талап етуде. Бұған дейін толық қазақ тілінде ашылады деп жоспарланып келген мектептің мәртебесін өзгертуге қарсы шыққан ата-аналар TikTok әлеуметтік желісінде жаппай бейнеүндеулер таратып жатыр. Сонымен қатар, 2ГИС карта сервисінде де пікір қалдырып, қазақ тіліндегі мектеп мәртебесін сақтауды сұрап отыр.

Ата-аналардың айтуынша, аталған ауданда орыс тілінде білім беретін мектептер онсыз да жеткілікті. Мәселен, №125 мектеп пен №38 гимназия орыс тілінде білім береді. Жақын маңда №33 және №123 орыс мектептері бар. Ал таза қазақ тілінде оқытатын жалғыз оқу орны – №146 мектеп қана. Онда бір сыныпта 30-дан аса оқушы отыруға мәжбүр. Сондықтан ата-аналар жаңа ашылған №215 мектептің қазақ тілді болып қалуын талап етуде.

Бұл мәселені әлеуметтік желілерде белсенді түрде көтеріп жүрген азамат Дархан Ардақұлы мектептің қазақ тілінде қалуы үшін үндеу жасаған болатын. Алайда ол «ұлтаралық араздықты қоздырды, халықты митингке шақырды» деген айыппен 15 тәулікке қамауға алынды. Бұл жағдай да қоғамда түрлі пікірлер туғызып отыр.

Алматы қаласы Білім басқармасының ресми деректеріне сүйенсек, 2024 жылғы есеп бойынша мегаполисте барлығы 343 мектеп жұмыс істейді. Оның ішінде 216 мектеп – мемлекеттік. Оқыту тіліне қарай бөлінісі мынадай: 77 мектеп тек қазақ тілінде, 59 мектеп тек орыс тілінде, ал тағы 77-сі аралас форматта білім береді. Сондай-ақ қалада ұйғыр тілінде білім беретін 3 мемлекеттік мектеп бар.

Жекеменшік секторда да орыс тілді мектептер басым. Қазіргі таңда Алматыда 127 жекеменшік мектеп бар: олардың 54-і – орыс тілінде, 36-сы – аралас, 33-і – қазақ тілінде, ал 4 мектеп толықтай ағылшын тілінде оқытады.

2025 жылы Алматыда 7 жаңа мектептің құрылысы аяқталды. Жыл соңына дейін тағы 4 мектеп пайдалануға беріледі деп жоспарланған.

Ұқсас жаңалықтар

Түркістан облысы туу көрсеткіші бойынша бірден екі рекорд орнатты

Қазақстанды «жексұрын мемлекет» деген әйел жұмыстан қуылды

Қытайға қарсы наразылыққа шыққан белсенділер 5 жылға дейін сотталды