Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Еске салсақ, 26 қарашада Парламент бұл бюджетті бекіткен болатын.
Негізгі көрсеткіштер бойынша өзгерістер: айлық есептік көрсеткіш (АЕК) – 4 325 теңге (2025 жылы 3 932 теңге), ең төменгі жалақы – 85 000 теңге (өзгеріссіз), ең төменгі зейнетақы – 69 049 теңге (2025 жылы 62 771 теңге), мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері – 35 596 теңге (2025 жылы 32 360 теңге), ең төменгі күнкөріс деңгейі – 50 851 теңге (2025 жылы 46 228 теңге).
Айлық есептік көрсеткіш жәрдемақы, зейнетақы және әлеуметтік төлемдерді есептеу, салықтар мен басқа міндетті төлемдерді есептеу, сондай-ақ айыппұлдар мен басқа санкцияларды анықтау үшін қолданылады. АЕК мөлшері жыл сайын республикалық бюджет туралы заңмен бекітіледі.
АЕК өзгерген соң айыппұл көлемі де өзгереді. Мысалы, жылдамдықты сағатына 10–20 км арттырғаны үшін айыппұл – 5 АЕК (21 625 теңге), сағатына 20–40 км асып кеткені үшін – 10 АЕК (43 250 теңге), сағатына 40 км және одан жоғары асып кеткені үшін – 20 АЕК (86 500 теңге), ал бір жыл ішінде қайталанса – 30 АЕК (129 750 теңге).
