Бишімбаевтар отбасы туыстары Бекзат Кемелованы миллион долларға жуық қаражатты алаяқтық жолмен иемденді деп айыптап, сотқа берген. Валихан Бишімбаевтың айтуынша, Кемелова күн сайын келіп, жемқорлыққа қарсы агенттік олардың отбасын тексеріп жатыр деп қорқытып, туыстардың тізімін жасауды талап еткен. Ол әйелін мұндай сөздерге сенбеуге шақырғанымен, сол кезеңде Салтанат Нүкенованың әкесінің президентке жолдаған хаты тарап, Кемелованың қысымы күшейген.
Осы уақытта Қуандық Бишімбаевтың анасы Альмира Нұрлыбекова Кемеловаға 990 мың долларды “сақтауға” берген. Бұл туралы Валихан бірнеше айдан кейін ғана білген. Кемелова ақшаны қайтаруға ант еткенімен, белгіленген күні жоғалып кеткен. Оны жаңа мекенжайынан тапқанда, “Ақша жоқ” деп жауап берген.
Бұған дейін Бишімбаевтардың ата-анасы Қайрат пен Бекзат Кемеловтерді сотқа беріп, биыл мамырда “ар-намыс пен абыройды қорлау” ісі бойынша Қайрат Кемеловке қарсы сотта жеңіске жеткен еді.
