«Шын-Ар» ақпараттық порталы
Басты ақпаратБілім

Алматы мектептерін Kundelik-тен BilimClass-қа көшіруге сот тыйым салды

Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты қала мектептерін Kundelik.kz платформасынан BilimClass жүйесіне көшіруге уақытша тыйым салу туралы қаулы шығарды. Бұл шешім «Күнделік» ЖШС-нің Алматы қаласының білім басқармасына қарсы берген талап арызы негізінде қабылданды.

Бұған дейін Алматыдағы 200-ден астам мемлекеттік мектептің оқушылары, ата-аналары мен педагогтарына қатысты деректер пайдаланушылардың келісімінсіз Kundelik.kz жүйесінен Bilimland білім беру платформасына көшірілгені белгілі болған. Kundelik.kz платформасының негізін қалаушы Мұхтар Ильясов бұл шешімнің қоғамдық талқылаусыз қабылданғанын мәлімдеген.

Осы жағдайға алаңдаған ата-аналар epetition.kz платформасында оқу жылының ортасында цифрлық платформаны ауыстыруға қарсы петиция жариялаған. Өтініш иелері мұндай өзгеріс оқу процесінің тұрақтылығына кері әсер етіп, мұғалімдердің жұмысын қиындатуы, оқушылардың психологиялық жай-күйіне теріс ықпал етуі мүмкін екенін атап өтті. Сонымен қатар бағалау жүйесінің ашықтығы мен дербес деректердің қауіпсіздігіне қатысты мәселелер көтерілді.

Сотқа жүгінген талапкер талапты қамтамасыз ету шаралары ретінде жауапкерге және оған қарасты ұйымдарға бірқатар әрекеттерді жүзеге асыруға тыйым салуды сұрады. Атап айтқанда, Kundelik жүйесінің орнына BilimClass немесе өзге ақпараттық платформаларға көшуге және оларды сынақтан өткізуге, оқушылардың, ата-аналардың және педагогтардың дербес деректерін бір жүйеден екіншісіне көшіруге немесе беруге, сондай-ақ BilimClass жүйесін енгізуге байланысты келісімшарттар мен құжаттарды рәсімдеуге шектеу қою талап етілді. Сонымен бірге Алматы мектептерінде Kundelik жүйесін пайдалануды тоқтатуға немесе шектеуге тыйым салу мәселесі көтерілді.

Сот талапкердің өтінішін қанағаттандырып, аталған әрекеттерге уақытша тыйым салу туралы қаулы шығарды.

Айта кетейік, бұған дейін Алматы қаласының білім басқармасы 2025–2026 оқу жылының үшінші тоқсанынан бастап бірқатар мектептерде Kundelik.kz платформасының орнына BilimClass жүйесі енгізілетінін хабарлаған болатын. Осы шешімнен кейін деректердің пайдаланушылардың рұқсатынсыз көшірілуі қоғамда кең талқылауға ұласты.

Ұқсас жаңалықтар

«Не қылған сүмеңдеген жүріс»: депутат Назарбаевтың елден шығуына қатысты заң ұсынды

Қазақстанда полиэтилен мен алкилат өндірісі іске қосылады

4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күні