«Шын-Ар» ақпараттық порталы
ӘлеуметБасты ақпарат

Отандық өнімнен төмен бағамен келетін шетелдік тауарларға тыйым салынады

Қазақстанда бірқатар шетелдік азық-түлік тауарларын елге әкелуге шектеу қою мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі мәлімдеді. Ведомствоның айтуынша, бағасы тым арзан импорттық өнімдер отандық өндірушілерді нарықтан ығыстырып, жергілікті кәсіпорындардың жабылуына әкелуі мүмкін.

Министрлік деректеріне сүйенсек, Қазақстанда өндірілетін өнімнің өзіндік құнынан төмен бағамен сатылып жатқан шетелдік тауарлар демпингтік сипатқа ие. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин мұндай жағдай ішкі нарықтағы бәсекеге қабілеттілікке кері әсер ететінін атап өтті.

Оның айтуынша, әрбір тауар түрі бойынша жеке талдау жүргізіледі. Егер импорттық өнімнің жасанды түрде арзандатылып сатылып жатқаны дәлелденсе, билік оның елге әкелінуін шектеу туралы шешім қабылдауы мүмкін. Министрлік өкілдері арзан импорттың ұзақ мерзімді қысымы отандық өндірістің әлсіреуіне және кәсіпорындардың жабылуына соқтыруы ықтимал екенін ескертті.

Сонымен қатар Бердалин көрші елдердің кейбірінде ауыл шаруашылығы саласы — фермерлік өндірістен бастап тасымалдауға дейін — кең көлемде субсидияланатынын айтты. Соның салдарынан шетелдік өнімдер Қазақстан нарығына жергілікті тауарлардан әлдеқайда төмен бағамен түсуде. Бұл жағдай отандық кәсіпорындарға айтарлықтай қауіп төндіреді.

Қазіргі уақытта Ауыл шаруашылығы министрлігі Сауда және интеграция министрлігімен бірлесіп, ішкі нарықты қорғау тетіктерін әзірлеуде. Сонымен қатар отандық фермерлерді қолдау шаралары да қарастырылып жатыр. Соның ішінде ет өндірісін ынталандыру мақсатында шопандардың балаларына мерзімді әскери қызметтен уақытша кейінге қалдыру мүмкіндігін беру ұсынылған.

Вице-министр бұл бастаманың әскерден толық босату емес, тек белгілі бір мерзімге кейінге шегеру екенін нақтылады. Оның сөзінше, мал шаруашылығымен ұрпақтан-ұрпаққа айналысып келе жатқан отбасыларда ұл балалардың көмегі шаруашылықты сақтап қалу үшін аса маңызды.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын негізсіз көтерген кәсіпкерлерге 55,7 миллион теңгеден астам айыппұл салынғаны хабарланған еді. 1 қаңтардан бері Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменттері әкімдіктермен бірлесіп 600-ден астам сауда нысанын тексеріп, жүздеген дүкенде заңбұзушылық анықтаған. Министрлік мәліметінше, шекті үстемені асырғаны үшін 2 796 әкімшілік қаулы шығарылып, оның 1 625-і бойынша айыппұл салынған. Бағаны бақылау жұмыстарына өңір әкімдері де қатысып, тұрақтандыру қорлары арқылы азық-түлік бағасын реттеу шаралары жүргізілуде.

Ұқсас жаңалықтар

Тұрғын үйге қатысты тағы бір қызмет онлайн форматқа өтті

Қазақ елі белгілі этнограф Болат Бопайұлын ақтық сапарға шығарып салды

Бишімбаев алиментті аз төлеу үшін мүлкін үлкен ұлының атына жаздырған