Атырау қаласының тұрғындары мен оған іргелес елді мекендердің халқы ауадағы жағымсыз иіске жаппай шағымдануда. Қолқаны қабатын иістен көптеген азаматтардың басы ауырып, жалпы жағдайы нашарлағаны хабарлануда.
Тексеріс барысында ауадағы күкіртсутек деңгейінің шекті мөлшерден бірнеше есе асып кеткені анықталды. Зертханалық талдау нәтижесіне сәйкес, Тасқала ауылында күкіртсутек мөлшері рұқсат етілген деңгейден 17,5 есе, оған іргелес аумақта 15 есе, ал Химпоселок ауданында 36,3 есе жоғары болған.
Мамандардың айтуынша, тексеріс кезінде аумақ толық қамтылып, желдің бағыты ескерілген. Жиналған деректерге сүйенсек, ауаға күкіртсутектің таралуына Атырау мұнай өңдеу зауыты себеп болуы мүмкін деген қорытынды жасалған.
Қала тұрғындары да ауаның ластануына осы кәсіпорынды кінәлап отыр. Әлеуметтік желілерде олар жағымсыз иістен кейін бас ауруы, әлсіздік және басқа да денсаулыққа қатысты шағымдар көбейгенін жазуда.
Бұл жағдайға байланысты Атырау мұнай өңдеу зауыты ресми түсініктеме берді.
АМӨЗ қоршаған ортаны қорғау бөлімінің жетекші инженері Мөлдір Борашованың айтуынша, Атырау аумағында зауыттан бөлек те ықтимал ластаушы көздер бар.
— Ластанудың нақты қайдан шыққанын құзырлы органдар анықтауы тиіс. Біз өз тарапымыздан санитарлық-қорғау аймағындағы барлық көрсеткіштерге тұрақты талдау жүргіземіз. Соңғы талдаулар нәтижесінде шекті мәндерден асу тіркелген жоқ, — деді ол.
