«Шын-Ар» ақпараттық порталы
Ақпарат

Аида Балаева: Жаңа Конституция жобасы цифрлық кеңістіктегі құқықтарды қорғауды күшейтеді

Аида Балаева жаңа Конституция жобасында цифрлық кеңістіктегі құқықтарды қорғау күшейтілетінін айтты. Оның сөзінше, әр адамның жеке және отбасылық құпиясына, ар-намысы мен қадір-қасиетінің қорғалуына, сондай-ақ хат алмасуы мен өзге де хабарламаларының құпия сақталуына құқығы бар.

Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі бұл мәселенің қоғам үшін аса маңызды екенін атап өтті. Министрдің айтуынша, аталған норма жаңа Конституция жобасының 21-бабында көрініс тапқан.

Қазіргі Конституцияның 18-бабында да жеке өмірге қол сұқпау құқығының негізгі кепілдіктері бұрыннан бекітілген. Онда әр адамның жеке және отбасылық құпиясына қол сұғылмауы, ар-намысы мен қадір-қасиетінің қорғалуы, банктік салымдарының, хат алмасуының, телефон арқылы сөйлесулерінің және өзге де хабарламаларының құпия сақталуына құқығы бар екені көрсетілген. Министрдің айтуынша, бұл нормалар ұзақ жылдар бойы адамның негізгі жеке құқықтарының берік негізі болып келеді.

Сонымен бірге ол қазіргі уақытта қоғам толықтай цифрландыру дәуіріне қадам басқанын айтты. Онлайн-платформалар, электрондық сервистер, банктік қосымшалар мен әлеуметтік желілер адамдардың күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Соған байланысты жеке ақпараттың басым бөлігі цифрлық ортада сақталып, өңделеді. Бұл жағдай жаңа қауіп-қатерлердің де пайда болуына әкеліп отыр.

Осыған байланысты жаңа Конституция жобасы заманауи талаптарға сай жаңартылып, бүгінгі күннің сын-қатерлерін ескереді. Жобаның 21-бабында жеке деректерді заңсыз жинаудан, өңдеуден, сақтаудан және пайдаланудан қорғау құқығы нақты бекітілген. Бұл норма цифрлық технологияларды қолдану жағдайларын да қамтиды. Сонымен қатар мұндай қорғаныс заңмен кепілдендірілетіні арнайы көрсетілген.

Министрдің айтуынша, бұл өзгеріс адамның цифрлық кеңістіктегі құқықтарын қорғаудың конституциялық негізін қалыптастырады. Сондай-ақ жоба мәтінінде цифрлық технологиялар арқылы жүзеге асатын банктік операциялардың, хат алмасудың және өзге де хабарламалардың құпиясы қорғалатыны да нақты жазылған.

Тағы бір маңызды өзгеріс – үшінші тармақта «азамат» емес, «әр адам» деген ұғымның қолданылуы. Бұл құқықтық кепілдіктердің аясын кеңейтіп, олардың әмбебап сипатын күшейтеді.

Осылайша жаңа Конституция жобасы қолданыстағы құқықтарды сақтап қана қоймай, оларды заман талабына сай нақтылап, одан әрі дамытады. Министрдің айтуынша, құжат жаңа ғасырдың талаптарын ескере отырып, адам құқықтарын офлайн да, цифрлық кеңістікте де қорғауды күшейтеді.

Ұқсас жаңалықтар

Ыстықкөлдегі төрт нысан Қазақстанның меншігінде қалады

Алматыда мыңдаған студентке жатақханада орын жетпейді

Қуандық Бишімбаевтың отбасы балаларға алимент төлеуден бас тартқан

Redaktor Shyn-Ar