«Шын-Ар» ақпараттық порталы
ӘлеуметБасты ақпарат

129 мың теңгеге дейін айыппұл: референдум алдындағы “тыныштық күні” қандай әрекеттерге тыйым салынады

Қазақстанда жаңа Конституцияға байланысты өтетін референдум қарсаңында азаматтарға заңда белгіленген “тыныштық күні” туралы ескерту жасалды.

Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров 14 наурыздан бастап референдум алдындағы тыныштық күні басталатынын айтты. Оның сөзінше, бұл күні кез келген үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге қатаң тыйым салынады.

Комиссия төрағасы тыныштық күні ешқандай үгіт жұмыстары болмауы тиіс екенін атап өтті. Егер бұған дейін ілінген үгіт материалдары болса, оларды алып тастау міндетті емес, алайда оларды таратуға немесе жаңадан жариялауға болмайды.

Бұл шектеулер әлеуметтік желілерге де қатысты. Яғни референдумға байланысты үгіт сипатындағы жазбалар жариялауға және белсенді насихат жүргізуге рұқсат етілмейді.

Сонымен қатар референдум өтетін күні қоғамдық пікірге қатысты сауалнамаларды жариялауға да тыйым салынады. Бұған дейін Threads әлеуметтік желісінде референдумға байланысты сауалнама жүргізген азаматқа айыппұл салынғаны белгілі болды. Сондай-ақ кейбір БАҚ-та жарияланған сауалнамалар үшін де жауапкершілік қарастырылған.

Тыйым салынған кезеңде үгіт жүргізгендер Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің тиісті бабы бойынша жауапқа тартылады.

Айыппұл мөлшері жеке тұлғалар үшін 15 АЕК-ті құрайды (2026 жылы – 55 380 теңге). Шағын бизнес пен коммерциялық емес ұйымдарға 20 АЕК (73 840 теңге), орта бизнес субъектілеріне 25 АЕК (92 300 теңге), ал ірі бизнеске 35 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған, бұл 129 220 теңгеге дейін жетеді.

Бұған дейін Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы референдумға қатысты сауалнама жүргізген екі азаматқа айыппұл салынғанын хабарлап, қазақстандықтарды заң талаптарын сақтауға шақырған.

Ұқсас жаңалықтар

Тоқаев әлеуметтік қорғау және зейнетақы жүйесін жетілдіру бойынша тапсырма берді

Құн салығын көтергеннен дағдарыс болмайды – Ұлттық экономика вице-министрі

Жол тегін емес: 24 мамырдан бастап тағы бір бағыт ақылы болмақ

Redaktor Shyn-Ar