«Шын-Ар» ақпараттық порталы
ӘлеуметБасты ақпарат

Wildberries-тің Қазақстаннан қойма іздеп жатқаны айтылды: Министрлікке ресми өтініш түспеген

Ресейлік Wildberries маркетплейсі Украинадағы дрон шабуылдарынан кейін логистикалық инфрақұрылымының бір бөлігін Қазақстанға көшіру мүмкіндігін қарастырып жатқаны туралы ақпарат тарады. Алайда Қазақстанның Сауда және интеграция министрлігі бұл мәселеге қатысты әзірге компаниядан ресми өтініш түспегенін мәлімдеді.

БАҚ мәліметінше, Wildberries шамамен 100 мың шаршы метр болатын қойма іздеп жатыр. Дереккөздердің бірі компанияның осындай көлемдегі нысанды жалға алуды немесе сатып алуды көздеп отырғанын айтса, тағы біреуі Қазақстандағы қолжетімді қойма алаңдарының барлығы қарастырылып жатқанын жеткізген.

Алайда Сауда және интеграция министрлігі бұл ақпаратқа қатысты әзірге ешқандай ресми сұраныс түспегенін хабарлады.

«Тиісті ұсыныстар түскен жағдайда олар Қазақстан Республикасының заңнамасы мен ұлттық мүдделеріне сәйкес қаралатын болады», – делінген министрлік мәлімдемесінде.

Ведомствоның атап өтуінше, мұндай жобалар қаралатын болса, олар қазақстандық кәсіпкерлерге жаңа мүмкіндіктер ашып, инвестиция тартуға және ел экономикасының дамуына ықпал етуі тиіс.

Министрлік сондай-ақ Қазақстан аумағында тауарларды сақтау, тасымалдау және айналымға шығару процестері ұлттық заңнама мен Еуразиялық экономикалық одақтың құқықтық нормаларына сәйкес жүзеге асырылатынын еске салды. Сондықтан жекелеген компанияларға арнайы жеңілдіктер немесе ерекше шарттар қарастырылмайды.

Сонымен қатар сарапшылар Қазақстанда бірден 100 мың шаршы метрлік бос қойма табу оңай емес екенін айтады. IBC Global компаниясының басқарушы серіктесі Станислав Ахмедзяновтың айтуынша, елде мұндай көлемдегі бірыңғай бос нысан жоқ. Қазіргі уақытта шамамен 130 мың шаршы метр қойма алаңы бос болғанымен, олар бірнеше қалаға бөлініп орналасқан.

Ал «Коммерсант» басылымының жазуынша, Ресейдегі кейбір қойма иелері Wildberries-пен ынтымақтастықтан бас тартып отыр. Бұған логистикалық орталықтарға жасалған шабуылдардан кейін тәуекелдердің артуы және сақтандыру компанияларының мұндай шығындарды өтемеуі себеп болған.

Ұқсас жаңалықтар

Үкімет тұрғын үйді табиғи апаттардан міндетті сақтандыру туралы заң жобасынан бас тартты

1,5 жыл бұрын қайтыс болған Диас үшін алаяқтар қор ашып, халықты алдаған

Әзірбайжандағы жоғары оқу орны орыс тілін оқытудан бас тартты

Redaktor Shyn-Ar