«Шын-Ар» ақпараттық порталы
АймақтарБасты ақпаратҚұқық

65 жастан асқан жүргізушілерді қалай тексереді: жаңа талапқа түсініктеме берілді

Алматыда 25 тамыздан бастап 65 жастан асқан жүргізушілерге қатысты жаңа талап күшіне енеді. Енді бұл санаттағы азаматтар екі жылда бір рет міндетті медициналық комиссиядан өтуі тиіс. Осыған байланысты қоғамда «полиция қарт жүргізушілерді арнайы тоқтатып тексере ме?» деген сұрақтар туындады.

Алматы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек бұл мәселеге қатысты түсініктеме беріп, инспекторлар жүргізушілерді жаппай тоқтатпайтынын айтты.

Оның сөзінше, тексеріс әдеттегі патрульдік қызмет барысында жүзеге асады.

«Инспекторлар қарт жүргізушілердің көліктерін арнайы тоқтатпайды. Тексеру күнделікті қызмет атқару режимінде жүргізіледі. Патрульдік экипаждар өз міндетін атқару кезінде, мысалы, қауіпсіздік белдігін тақпау немесе басқа да ереже бұзушылықтар анықталса, көлікті тоқтатуы мүмкін. Бірақ барлық зейнеткер жүргізушіні жоспарлы түрде анықтап, арнайы тоқтату деген болмайды. Бұл шектеу немесе жазалау шарасы емес, керісінше игі мақсатты көздейтін профилактикалық қадам екенін түсіну қажет. Ең бастысы – бұл жүргізушілердің өз қауіпсіздігіне бағытталған қамқорлық», – деді Салтанат Әзірбек.

Полиция мәліметінше, мұндай талаптың енгізілуіне жол-көлік оқиғаларына қатысты алаңдатарлық статистика себеп болған. Кей жағдайларда жасы ұлғайған жүргізушілердің денсаулығы кенет нашарлап, бұл ауыр апаттарға әкелетіні айтылды.

«Өкінішке қарай, қарт жүргізушінің денсаулығы сыр беріп, жол апатына себеп болған жағдайлар кездеседі. Жас ұлғайған сайын реакция баяулап, көру қабілеті төмендеуі мүмкін. Сондықтан профилактикалық тексеріс өте маңызды, оны елемеуге болмайды», – деп атап өтті полиция өкілі.

Жаңа тәртіпке сәйкес, барлық жүргізушілер медициналық комиссиядан жоспарлы түрде өтуі тиіс. Тексеру нәтижесінде № 073/у үлгісіндегі медициналық анықтама беріледі.

Егер 65 жастан асқан жүргізуші немесе мүгедектігі бар азамат міндетті медициналық тексеруден өтпесе, оның жүргізуші куәлігінің қолданысы уақытша тоқтатылуы мүмкін.

Полиция бұл өзгерістердің мақсаты жазалау емес, жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру және жүргізушілердің денсаулығын бақылауда ұстау екенін атап өтті.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Ресей уәде еткен ЖЭО-ларды өз күшімен салуға дайын – Бектенов

Алматының бұрынғы бас сәулетшісінің ісі: әкімдік 6 миллиард теңгені өндіруге талап арыз берді

shyn_ar_admin

Алматыда елдегі алғашқы крематорий іске қосылды