«Шын-Ар» ақпараттық порталы
АқпаратӘлеуметэкономика

Гибрид көліктерге неге миллиондап салық есептеліп жатыр?

Қазақстанда Қытайдан әкелінген гибрид көліктерге байланысты дау күшейді. Әлеуметтік желіде көлік иелеріне миллиондаған қосымша салық есептеліп, кей компаниялардың есепшоттары бұғатталғаны айтылды. Мемлекеттік кірістер комитеті жаппай бұғаттау болмағанын, тек заңбұзушылық анықталған 45 компания мен кәсіпкерге шектеу қойылғанын мәлімдеді.

Мәселенің негізгі себебі – кей импорттаушылар гибрид көліктерді электромобиль ретінде рәсімдеп, кедендік төлемнен жалтаруға тырысқан. Олар электр қозғалтқышының қуатын төмен көрсеткен. Қазір бұл деректер зауыттық техникалық сипаттамалар арқылы тексеріліп жатыр.

Сарапшылардың айтуынша, дау тек бір брендке емес, жалпы гибрид көліктерді рәсімдеу жүйесіне қатысты. Кей көліктерге кеден кодтары қате қойылып, салық дұрыс есептелмеген.

Автосарапшылар “сұр импорттың” қаупі жоғары екенін айтады. Көлік шетел азаматының атына рәсімделіп, кейін Қазақстанға “қолданыста болған көлік” ретінде кіргізіледі. Делдал компания тек комиссия алып, жауапкершіліктен тыс қалады.

Даудың тағы бір себебі – гибрид көлікті қалай жіктеу керек деген мәселе. Кей жағдайда электр қозғалтқышы қуатты болса, көлік электромобиль ретінде рәсімделген. Бірақ сарапшылар гибрид көлік қандай жағдайда да гибрид болып қалатынын айтады.

Мамандардың пікірінше, Қазақстанда гибрид және электр көліктеріне қатысты заң мен кеден ережелері әлі толық реттелмеген. Сондықтан мұндай даулар алда да қайталануы мүмкін.

Ұқсас жаңалықтар

Алматыда жылыту маусымы қашан басталатыны белгілі болды

Мемлекеттік тілде сөйлегені үшін ‘нацист’ атанды: Алматыда дау туғызған кафе

Redaktor Shyn-Ar

«Ең жоғары лауазымды тұлға»: жаңа Конституцияда Қазақстан Президенті туралы не айтылған