«Шын-Ар» ақпараттық порталы
АқпаратДенсаулық

“Каннибал” Жұмағалиев жатқан клиникаға министрлік кешенді тексеру жүргізеді

Денсаулық сақтау министрлігі мәжбүрлі емдеуде жатқан Николай Жұмағалиев орналасқан “Ақтас” республикалық мамандандырылған психиатриялық ауруханасына кешенді тексеру жүргізетінін мәлімдеді. Мұндай шешім бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде мекемедегі жағдайға қатысты жарияланған шағымдардан кейін қабылданған.

Тексеруді Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті жүзеге асырады. Оның барысында медициналық құжаттар, емдеу процесінің ұйымдастырылуы, пациенттердің ұсталатын жағдайы, лауазымды тұлғалардың әрекеттері және азаматтардың құқықтарының сақталуы жан-жақты зерделенеді.

Сонымен қатар тексеруге прокуратура органдарының, Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілдері және басқа да мемлекеттік органдар қатысады.

Министрлік тексеру қорытындысы бойынша барлық дерекке құқықтық баға берілетінін хабарлады. Егер заңбұзушылықтар анықталса, кінәлі тұлғалар заң аясында жауапкершілікке тартылады.

Бұған дейін YouTube платформасында “Ақтас” ауруханасында мәжбүрлі ем алып жатқан Николай Жұмағалиевтің сұхбаты жарияланған болатын. Онда ол мекемедегі тұрмыс жағдайына шағымданып, жеке кеңістіктің тарлығы, палаталарда ұзақ уақыт болу, серуендеу мүмкіндігінің шектеулілігі және өзге де тұрмыстық қолайсыздықтар туралы айтқан.

Николай Жұмағалиев 1970-жылдардың соңында бірнеше аса ауыр қылмыс жасағаны үшін жауапқа тартылған. Тергеу деректеріне сәйкес, оның құрбандарының саны кемінде 10 адамды құраған, олардың басым бөлігі әйелдер болған. Сот оны есі дұрыс емес деп танып, мәжбүрлі емдеуге жіберген.

“Ақтас” – Қазақстандағы осы бағыттағы жалғыз мамандандырылған медициналық мекеме. Мұнда сот шешімімен мәжбүрлі медициналық ем тағайындалған адамдар ем қабылдайды. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, ауруханадағы пациенттердің 80 пайыздан астамы адам өмірі мен денсаулығына қарсы ауыр және аса ауыр қылмыстар жасаған адамдар.

Ұқсас жаңалықтар

Тоқаев: Ядролық қақтығыс қаупі мен әлемдік шиеленістерге алаңдауымыз қажет

Похолодание, ливни и снег нагрянут в Казахстан

Бос жұмыс орындары — 2025: кімдерге сұраныс жоғары, мамандар қай аймаққа қажет

Redaktor Shyn-Ar