Қазақстанда Наурыз мерекесі қарсаңында республикалық «Nauryz Sale» акциясы басталады. Науқан барысында сауда желілері мен сауда орталықтары тұтынушыларға 70%-ға дейін жеңілдіктер ұсынады.
Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі мәліметінше, акция 13–23 наурыз аралығында өтеді. Осы кезеңде азық-түлік және азық-түлікке жатпайтын тауарларға 10–70% аралығында мерекелік жеңілдіктер ұсынылады.
Акциялық тауарлар сауда залдарында арнайы мерекелік навигациямен және «Nauryz» фирмалық безендіруімен белгіленеді. Сондай-ақ тақырыптық баға белгілері, брендтелген көрсеткіштер, баннерлер және басқа да POS-материалдар қолданылады.
Науқанға шамамен 300-ге жуық компания қатысады. Олардың қатарында 140 сауда үйі мен сауда-ойын-сауық орталығы, 140 сауда желісі және 20 электрондық сауда платформасы бар.
Қатысушылар қатарында ірі сауда желілері де бар: Magnum, Small, Galmart, Анвар, Дина, Toimart, Астыкжан, Аян және Greenwich.
Сондай-ақ ірі сауда орталықтары – Mega Silk Way, Keruen, Keruen City, Shymkent Plaza, Хан Шатыр, Astana Mall, Dostyk Plaza, Mega Park және Forum Almaty сияқты нысандар да акцияға қатысады.
Акция аясында отандық өндірушілерді қолдауға ерекше көңіл бөлінеді. Сауда орталықтарында қазақстандық өнімдер ұсынылатын арнайы аймақтар ұйымдастырылып, онда тауарлар нарықтағы бағадан орта есеппен 10–20% төмен бағамен сатылмақ.
Науқан өтетін басқа қалалардағы сауда орындарының тізімін министрліктің ресми сайтынан көруге болады.
