«Шын-Ар» ақпараттық порталы
Ақпаратэкономика

Жұманғарин: Ең төменгі жалақыны көтеру бюджетке байланысты

Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин Қазақстандағы ең төменгі жалақыны (ЕТЖ) көтеру мәселесіне қатысты пікір білдірді. Бұған дейін Ұлттық экономика министрлігі ЕТЖ көлемін 85 мың теңгеден 150 мың теңгеге дейін ұлғайту мүмкіндігін қарастырып жатқанын мәлімдеген болатын.

Үкімет кулуарында журналистер вице-премьерден жалақы бірден көтеріле ме, әлде кезең-кезеңімен жүзеге аса ма деп сұрады. Оның айтуынша, бұл бағытта арнайы жұмыс тобы жұмыс жүргізіп жатыр.

«Қазір осы мәселе бойынша жұмыс жалғасып жатыр. Әдістеме жеткілікті икемді. Бүгінде ең төменгі жалақы екі негізгі көрсеткішке – еңбек өнімділігі мен медианалық жалақыға сүйеніп есептеледі. Сонымен қатар ең төменгі жалақы деңгейін реттеу үшін белгісіздік коэффициенті енгізілді. Бірақ жалақының қаншаға өсетіні немесе жалпы өсетіні бюджет мүмкіндігіне байланысты болады», – деді Серік Жұманғарин.

Оның сөзінше, мәселе әлі де талқылану үстінде және нақты шешім жақын уақытта жариялануы мүмкін.

«Қазір біз алдағы үш жылдық бюджетті қалыптастыруды бастап кеттік. Әрине, мұндай деңгейде жалақы алып жүрген азаматтардың табысын арттырғымыз келеді. Бірақ нақты шешім қабылдау үшін барлық есеп мұқият жүргізілуі қажет. Себебі бұл – бюджеттен бөлінетін шығын», – деп түйіндеді вице-премьер.

Ұқсас жаңалықтар

Бекежан Жәкеев “Қазпошта“ басшысы болды

Үкіметтің қазіргі ұсынып отырған ҚҚС мөлшерлемесі тым жоғары — Тоқаев

shyn_ar_admin

Алматы маңындағы жер сілкінісі туралы ТЖМ түсініктеме берді