«Шын-Ар» ақпараттық порталы
АқпаратЗаң

«Отбасыма араласты»: Сұлтан Сәрсемалиев өмір бойы түрмеде отыруға дайын екенін айтты

Атырау облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Жангелдин ауылында бір отбасының төрт мүшесінің өліміне қатысты резонансты іс қарала бастады. Айыпталушы орнында — Сұлтан Сәрсемалиев.

Сот отырысына қаза тапқандардың туыстары, жергілікті тұрғындар мен еліміздің әр өңірінен келген журналистер қатысты. Істі судья Зарема Хамидуллина қарап жатыр.

Марқұм Мақсот Қарабалиннің қарындасы Әсила Мұқанғалиева сот басталар алдында айыпталушы тараптың осы уақытқа дейін жәбірленушілермен байланысқа шықпағанын айтты.

«Бүгінге дейін ешкім кешірім сұрап, бізбен хабарласқан жоқ. Біз әділ әрі ашық сотты күтеміз», — деді ол.

Сотта Сәрсемалиевтің биыл наурыз айынан бері тергеу изоляторында отырғаны белгілі болды. Ол Махамбет ауданында туғанын, орта білімді екенін, ресми жұмысы болмағанын және 2022 жылы ажырасқанын айтты. Сондай-ақ бес баласы бар екенін жеткізді.

Прокурор оқыған айыптау актісіне сәйкес, айыпталушы алдымен Нәсіп Үтешқалиеваны, кейін оның жұбайын ас үй пышағымен өлтірген. Кейін мәйіттер үй ауласындағы қораға жасырылған.

Тергеу дерегінше, Наурыз Мұқанғалиевпен арада туындаған тұрмыстық жанжал төбелеске ұласып, соңы кісі өлімімен аяқталған. Ал Мейрамгүл Қарабалинаның өліміне тұрмыстық қиындықтар мен азық-түлік тапшылығы себеп болғаны айтылады.

Сот барысында айыпталушы өзін сабырлы ұстап, бірнеше рет жымиғаны залдағылардың назарын аударды. Ол істі алқабилерсіз қарауға қарсы екенін мәлімдеді. Бұл шешімін адвокаты да қолдады.

Сот соңында Сәрсемалиев өз кінәсін мойындап, ең қатаң жазаға дайын екенін айтты.

«Мен ең қатаң жазаға дайынмын. Әйелімнің ата-анасы мені отбасымнан айырғысы келді деп ойладым. Бұл намысыма тиді. Отбасымды сақтап қалуға тырыстым, бірақ рухани тепе-теңдігімді жоғалтып, осындай қадамға бардым», — деді айыпталушы.

Ұқсас жаңалықтар

Еліміздегі ең үздік қымыз анықталды

Әскери бөлімдерге бейнебақылау орнатылады

Қайрат Сатыбалдыны шақырғаннан кейін әскери колледждің басшысы жұмыстан шығарылды