Оқу-ағарту министрлігі Республикалық физика-математика мектептері (РФММ) филиалдарындағы білім беру гранттарының әділетсіз бөлінгені туралы тұрғындар шағымына қатысты мәлімдеме жасады.
Жақында Threads әлеуметтік желісінде қазақстандықтар РФММ филиалдарындағы гранттардың “әділетсіз” үлестірілгенін айтып, наразылық білдіре бастады. Жазба авторларының айтуынша, гранттардың басым бөлігі орыс тілінде тест тапсырған талапкерлерге берілген.
Министрлік мәліметінше, РФММ филиалдарына қабылдау мектеп жарғысына сәйкес ашық конкурс негізінде жүргізіледі.
Ведомство “Білім туралы” Қазақстан Республикасы Заңының 49-бабына сәйкес ата-аналар мен заңды өкілдер баланың қалауын, жеке қабілеті мен ерекшеліктерін ескере отырып, білім беру ұйымын және оқу тілін таңдауға құқылы екенін еске салды. Осыған байланысты үміткерлер конкурсқа тіркелу кезінде оқу тілін өздері таңдайды.
“Білім беру гранттарының саны мен конкурстық орындар мектеп филиалдарының сыныптарды жасақтау мүмкіндігіне қарай белгіленеді”, – делінген министрлік хабарламасында.
Министрлік конкурстық іріктеудің әділдігі мен объективтілігін қамтамасыз ету үшін барлық қатысушыға бірдей талап қойылғанын атап өтті. Емтихан тапсырмалары бірыңғай тақырыптық бағыт, құрылым және күрделілік деңгейі негізінде әзірленіп, академиялық адалдық қағидаларын сақтау мақсатында бірнеше нұсқада ұсынылған.
Сонымен қатар ведомство шекті өту балы алдын ала бекітілмейтінін мәлімдеді.
“Шекті өту балы конкурс жарияланған сәтте анықталмайды. Ол қабылдау емтихандары аяқталғаннан кейін қатысушылардың нәтижелері мен жалпы конкурстық көрсеткіштерге қарай айқындалады. Бұл тәсіл барлық үміткерге тең мүмкіндік беруге бағытталған”, – деп түсіндірді министрлік өкілдері.
Қазіргі уақытта Оқу-ағарту министрлігі конкурстық рәсімдердің ашықтығы мен объективтілігіне қатысты келіп түскен өтініштер мен ұсыныстарды талдап жатыр.
“Әрбір өтініш белгіленген тәртіппен қаралады. Қажет болған жағдайда қосымша зерделеу және сараптамалық талдау тетіктері қолданылады.
Талдау қорытындылары мен қабылданған шешімдер туралы ресми ақпарат қосымша жарияланады. Бұл мәселе Оқу-ағарту министрлігінің бақылауында”, – делінген ведомство мәлімдемесінде.
