Қазақстанда жұмысқа қабылдау кезінде қосымша құжат — кәсіби біліктілікті тану туралы сертификат енгізілуі мүмкін. Бұл туралы Мәжілісте қаралған заң жобасы аясында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Тұяқбаев мәлімдеді.
Оның айтуынша, жаңа құжат дипломды алмастырмайды, тек маманның кәсіби дағдыларын қосымша растау құралы болады. Яғни жұмысқа орналасу кезінде азамат дипломмен қатар кәсіби біліктілігін растайтын құжатты да ұсына алады.
Вице-министр әсіресе дипломы жоқ, бірақ нақты тәжірибесі мен кәсіби дағдылары бар адамдар үшін бұл құжаттың маңызы зор екенін атап өтті. Мұндай тәжірибе қызмет көрсету саласында, қонақүй бизнесінде, шаштараз ісінде және басқа да кәсіптерде қолданылуы мүмкін.
Бұған дейін Қазақстанда «Кәсіби біліктілік туралы» заң қабылданған болатын. Заң аясында микробіліктіліктерді сертификаттау жүйесі енгізіледі. Бұл мобилограф, стилист, лэшмейкер секілді мамандық иелеріне өз біліктілігін ресми түрде растауға мүмкіндік береді.
Еңбек министрлігі диплом білім алғанын растайтынын, ал сертификат маманның нақты біліктілік деңгейін көрсететінін түсіндірді. Сонымен қатар педагогтер, медицина қызметкерлері, нотариустар, адвокаттар және сот-медициналық сарапшылар секілді кейбір мамандықтар үшін міндетті сертификаттау талап етілетіні айтылды.
