«Шын-Ар» ақпараттық порталы
Басты ақпаратДенсаулық

Пластикалық хирургия клиникаларында заңбұзушылықтар анықталды

Денсаулық сақтау министрлігі пластикалық хирургия клиникаларын тексеру жұмыстары бойынша мәлімдеме жасады. Ведомство өкілдерінің айтуынша, жүргізілген аудиттердің бірінің қорытындысы құқық қорғау органдарына жолданған.

Соңғы уақытта липосакциядан кейін көз жұмған блогер Сәуле Базархан мен депутат Ербол Айтуовтың өлімі қоғамда үлкен резонанс тудырды. Ербол Айтуовтың өліміне қатысты тексеру аяқталған.

Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы Бауыржан Жүсіповтің сөзінше, Алматыдағы аудит әлі жалғасып жатыр. Ал Маңғыстау облысындағы тексеру толық аяқталып, жиналған материалдар құқық қорғау органдарына берілген.

«Қазір Алматыда аудит жүргізіліп жатыр. Маңғыстау облысындағы тексеру аяқталды. Материалдар құқық қорғау органдарына жолданды. Енді қосымша бағалауды тиісті органдар жүргізеді», – деді ол.

Осы жағдайлардан кейін Мәжіліс пластикалық хирургия қызметін көрсететін барлық медициналық ұйымдарға кешенді аудит жүргізуді талап етті. Депутаттардың пікірінше, бұл – жекелеген оқиғалар ғана емес, азаматтардың қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін жүйелі мәселелердің көрінісі.

Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов ықтимал заңбұзушылықтардың бірнеше нұсқасын атады.

«Мәселе жабдықтардың ақауынан, сапасыз дәрі-дәрмектен, дәрігер біліктілігінің жеткіліксіздігінен немесе санитарлық талаптардың сақталмауынан туындауы мүмкін. Мұндай клиникаларда міндетті түрде жансақтау бөлімі болуы тиіс. Сондықтан нақты себеп пен жауапты тұлғаларды анықтау қажет», – деді депутат.

Еске салсақ, 53 жастағы алматылық Сәуле Базархан 15 мамыр күні липосакция жасату кезінде көз жұмған. Марқұмның туыстары клиника оның қайтыс болғанын тек үш сағаттан кейін хабарлағанын айтып, дәрігерлердің әрекетсіздігіне шағымданған. Кейін Алматы полиция департаменті аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растады. Ал клиника тергеу аяқталмайынша толыққанды пікір бере алмайтынын мәлімдеді.

Сондай-ақ 49 жастағы Ербол Айтуов 4 сәуірде липосакция жасатуға барған. Жұбайының айтуынша, наркоздан кейін оның қан қысымы мен қант деңгейі күрт көтеріліп, ол комаға түскен. Бір айдан кейін ауруханада қайтыс болды. Марқұмның отбасы дәрігерлерді салғырттық танытты деп айыптап отыр. Денсаулық сақтау министрлігі тексеру барысында бірнеше заңбұзушылық анықталғанын хабарлады.

Ұқсас жаңалықтар

Ай сайын 178 мың теңге – қазақстандықтар неге ең көп қаражатты тамаққа жұмсайды?

Түркияда кесарь тілігін жасауға тыйым салынбақ

Redaktor Shyn-Ar

Із-түзсіз жоғалған отбасы: Атырау маңындағы аумақта тексеріс күшейтілді