«Шын-Ар» ақпараттық порталы
АқпаратДенсаулық

Қазақстандық клиникалар МӘМС-тен 200 миллион теңге жымқырған

Түркістан облысында прокуратура Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі (МӘМС) қаражатын заңсыз иемденіп, мақсатсыз пайдаланған жекеменшік және мемлекеттік медициналық ұйымдардың әрекетін анықтады. Тергеу барысында бірқатар клиникалардың науқастарға көрсетілмеген қызметтерді жалған түрде рәсімдегені белгілі болды.

Атап айтқанда, екі мемлекеттік медициналық мекеме өзара келісіп жұмыс істеген. Олар формалды түрде үш дәрігерді жұмысқа қабылдап, әйелдер мен балаларға көрсетілді деген 40 мыңға жуық стоматологиялық қызметті электрондық базаға енгізген. Алайда қосымша тексерулер мен науқастардан алынған жауаптар бұл деректердің шындыққа сәйкес келмейтінін растады — азаматтар аталған дәрігерлерге мүлде жүгінбеген. Осылайша тек стоматологиялық қызметтер бойынша мемлекетке келтірілген залал 203 миллион теңгені құрады.

Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 190-бабы (алаяқтық) бойынша тергеу аяқталып, іс сотқа жолданды.

Тағы бір жағдайда жекеменшік клиникада лицензиясыз түрлі бейінді мамандардың қызметі көрсетілгені анықталды. Онда офтальмолог, гастроэнтеролог, аллерголог, уролог, психиатр, гематолог, генетик, қан тамырлары хирургы, нейрохирург, нефролог, инфекционист, невропатолог, эндокринолог, хирург, кардиолог, фтизиатр, рентгенолог, ревматолог және онколог сияқты мамандардың атынан 28 мыңнан астам консультация рәсімделіп, 91 миллион теңге көлемінде қаражат алынған.

Бұл іс бойынша Экономикалық тергеу департаменті Қылмыстық кодекстің 214-бабы (заңсыз кәсіпкерлік қызмет) бойынша тергеу жүргізген. Кейін клиника мемлекетке келтірілген залалды толық өтегеннен соң іс ақтамайтын негіздер бойынша тоқтатылған.

Қазіргі уақытта өңірдің денсаулық сақтау жүйесіне қатысты прокурорлық тексерулер жалғасуда.

Ұқсас жаңалықтар

Тоқаев Орталық Азия елдері басшыларының бейресми кездесуіне қатысты

Redaktor Shyn-Ar

Қазақстанда Қытаймен бірлесіп үш ірі электр станциясы салынады

Наурызда қанша күн демаламыз?