«Шын-Ар» ақпараттық порталы
АқпаратЗаңСот

«Кешірмедім, кешірім де бермеймін»: Қаза тапқан қыздың әкесі Мәлімдеме жасады

Алматыдағы Әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында үш адамның өмірін қиған жантүршігерлік жол апатына қатысты сот отырысында жаңа мәліметтер айтылды.

Жол апатынан қаза тапқан 20 жастағы Томиристің әкесі Нұрлан Шатенов сотта айыпталушыны кешірмейтінін және оның заң аясында қатаң жаза алуын талап ететінін мәлімдеді.

Марқұмның мүддесін қорғаушы адвокат Мейірман Шекеев Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 71-бабына сәйкес, қайтыс болған адамның құқықтарын оның бірнеше жақын туысы қатар жүзеге асыра алатынын айтты. Осыған байланысты Нұрлан Шатеновты жәбірленуші ретінде тану туралы өтінішхат берілді.

Айыпталушы Пактың қорғаушылары бұл өтінішке қарсылық білдіріп, Нұрлан Шатеновтың 2018 жылдан бері бұрынғы жұбайымен ажырасқанын және алимент төлемегенін алға тартты.

Алайда Нұрлан Шатенов ажырасқаннан кейін де қызымен қарым-қатынасын үзбегенін, оның тәрбиесіне, оқуына және өміріне белсенді араласқанын айтты.

«Мен оны жақсы көрдім және әлі де жақсы көремін. Оны тәрбиеледім, бақтым, оқыттым», – деді ол.

Әкесінің айтуынша, қызының қайтыс болғанын 21 наурыз күні таңертең білген. Сол кезде ол Талдықорғанға бара жатқан, алайда полиция хабарласқан соң бірден Алматыға қайтып келген.

Нұрлан Шатенов айыпталушының отбасынан ешқандай өтемақы алмағанын әрі кешірім бермейтінін де ашық айтты.

Ол жүргізушінің әкесімен Тараз қаласында кездескенін айтып берді.

«Ол жылап, тізерлеп кешірім сұрамақ болды. Мен оны тұрғыздым. “Ағай, өзіңізді бұлай қорламаңыз. Бұл – сіздің емес, ұлыңыздың кінәсі. Сіздің жалғыз кінәңіз – оны дұрыс тәрбиелемегеніңіз” дедім. Артық ештеңе айтпадым», – деді марқұмның әкесі.

Нәтижесінде сот Нұрлан Шатеновты жәбірленуші ретінде танып, оған және оның өкілдеріне қылмыстық іс бойынша сот процесіне қатысуға рұқсат берді.

Жол апаты қалай болды?

Еске салайық, қайғылы оқиға 21 наурыз күні Алматыдағы Әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында болған.

Тергеу мәліметінше, Zeekr маркалы автокөліктің жүргізушісі батыс бағытта келе жатып, қарсы қозғалыс жолағына шығып кеткен. Соның салдарынан ол қарсы бағыттағы Mercedes көлігімен бетпе-бет соқтығысқан.

Апат салдарынан Mercedes көлігінің 29 жастағы жүргізушісі мен 20 және 23 жастағы екі жолаушы оқиға орнында қаза тапты. Ал Zeekr жүргізушісі түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілген.

Ұқсас жаңалықтар

Депутат Түркістан және Жамбыл облыстарының елге масыл болып отырғанын айтты

Аңның киесі: Ұрпақ жадында қалған тылсым оқиға

Redaktor Shyn-Ar

«Экс-президенттің отбасы мүшелері билікке қайта оралады» деген норма жоқ – депутат жаңа Конституция туралы

Redaktor Shyn-Ar