«Шын-Ар» ақпараттық порталы
АқпаратҚоғамСаясат

«Дөрекілік пен мәдениетсіздіктің көрінісі»: Тоқаев қазақстандықтардың мінез-құлқын сынға алды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның жаңа тұрпатты мемлекетке айналып келе жатқанын айтып, соған сай азаматтардың да болмыс-бітімі, дүниетанымы мен мінез-құлқы өзгеруі қажет екенін мәлімдеді.

Мемлекет басшысының айтуынша, құқықтық мемлекет болу Конституцияда жазылған қағидатпен ғана шектелмеуі тиіс.

– «Құқық күнделікті өмірден басталады. Әр адамның жүріс-тұрысы, әдебі, тәртібі, тіпті мінез-құлқы заңға қайшы келмеуі керек», – деді президент.

Тоқаев Қазақстанның зайырлы мемлекет екенін атап өтіп, бұл ұлттық болмыстан немесе дәстүрлі құндылықтардан бас тарту дегенді білдірмейтінін айтты.

Президент қоғамдық орындардағы әдеп мәселесіне де тоқталды. Оның сөзінше, соңғы уақытта адамдардың тіпті амандасу кезінде де өрескел, орынсыз әрекеттерге жол беруі жиілеген.

– «Бұл – жай ғана ұсақ мәселе емес. Әр халықтың тұрмыстық салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпына қарап, шетелдіктер сол елдің мәдениеті мен даму деңгейіне баға береді», – деді ол.

Мемлекет басшысы өркениетті ел құру үшін ең алдымен халықтың мәдениеті жоғары болуы қажет екенін айтты. Оның пікірінше, қоғамдық орындарда әдеп сақтау, өзін дұрыс ұстау және бір-біріне құрмет көрсету қоғамдағы жаңа этикалық нормалардың негізіне айналуға тиіс.

Сөз соңында президент медицина қызметкерлерін осы бағытта қоғамға үлгі болуға шақырды.

– «Бұл құндылықтарды кеңінен дәріптеу арқылы қоғамда жаңа этикалық нормаларды орнықтыруымыз қажет. Бұл – баршамызға ортақ міндет. Медицина қызметкерлері осы маңызды мәселеде бүкіл қоғамға үлгі көрсетуі керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ұқсас жаңалықтар

Тоқаев жаңа заңға қол қойды

Қазақстан мен Ресей туризм саласындағы ынтымақтастықты нығайтады

Алматыда «Перзент» қайырымдылық балалар үйінде өрт шықты