«Шын-Ар» ақпараттық порталы
АқпаратМәдениет

Домбыра күніне арналған тағылымды кездесу өтті

Жыл сайын шілде айының алғашқы жексенбісінде тойланатын Ұлттық домбыра күні – қазақ халқының рухани тамырына қайта үңіліп, ұлттың үнін ұлықтайтын ерекше мереке. Бұл күн – домбыраның қос ішегіне сыйған тарихты, халықтың жан дүниесін, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан мәдени жадыны дәріптейтін тағылымды сәт.

Осы атаулы күнге орай Алматы ОКЖ қарасты №39 балалар кітапханасында «Күмбірле, күміс домбыра» атты мазмұны терең, рухани-танымдық кездесу ұйымдастырылды. Шараның басты мақсаты – ұлттық өнерді жас буынға насихаттап, домбыраның тек музыкалық аспап емес, елдік пен бірліктің, рух пен болмыстың айшықты белгісі екенін кеңінен таныту болды.

Кездесуге «Сенімен Болашақ» РҚБ Алматы филиалының директоры Меруерт Мәулетқызы, ақын әрі сазгер, Алматы облысының бас биі Камнұр Тәлімұлы, сондай-ақ ҚР Мемлекеттік күзет қызметі «Батыр президенттік полкінің» сарбаздары қатысты. Әртүрлі сала өкілдерінің бас қосуы шараға ерекше мазмұн мен салмақ берді.

Іс-шара барысында Ұлттық домбыра күнінің тарихи-мәдени мәні кеңінен түсіндіріліп, домбыраның қазақ дүниетанымындағы орны ерекше екені атап өтілді. Қос ішектен төгілген күй – халықтың қуанышы мен мұңы, ерлігі мен елдігі, арман-аңсары мен өмірлік тәжірибесінің үнсіз шежіресі екені айтылды.

Кездесу барысында модератор Меруерт Мәулетқызы «Сенімен Болашақ» бірлестігінің қоғамдағы қызметіне тоқталып, жанашырлық, өзара қолдау, мейірім мен еріктілік мәдениетін қалыптастыру бағытындағы жұмыстардың маңызын сөз етті. Ол ұлттық құндылықтарды сақтау мен адамгершілік қағидаларын нығайтудың қоғам дамуы үшін айрықша рөл атқаратынын атап өтті.

Өз кезегінде Камнұр Тәлімұлы домбыраның рухани салмағына ерекше тоқталып, оның ұлт өміріндегі орнын әсерлі жеткізді.

«Домбыра – қазақтың жанымен бірге жасап келе жатқан киелі мұра. Оның үні – тарихтың тынысы, халықтың жүрек соғысы іспетті. Жазба дерек толық сақталмаған дәуірлерде де домбыра күйі халықтың шежіресін жоғалтпай жеткізді. Сондықтан ол – жай аспап емес, ұлттың рухани жады. Бүгінде домбыра ұлттық бренд ретінде де мойындалған. Алайда оның ең биік құндылығы – ұрпақ пен дәстүрдің арасын жалғап, ұлттық болмысты сақтап қалуында», – деді ол.

Шараның ең әсерлі сәттерінің бірі – сарбаз жастардың өнер көрсетуі болды. Олар күй шертіп, домбыра үні арқылы өз өнерлерін ортаға салып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Әскери тәртіп пен өнердің үндесуі кештің мазмұнын одан әрі байыта түсті.

Кездесу соңында ұйымдастырушылар ұлттық құндылықтарды дәріптеу, ел бірлігін нығайту және рухани тәрбие беру ісінде әр азаматтың үлесі маңызды екенін атап өтіп, қатысушыларға шынайы алғыстарын білдірді. Шара жылы ықылас пен құрметке толы әсерлі сәттермен түйінделді.

Ұқсас жаңалықтар

Ақорда Тоқаевтың маңызды үндеуін жариялады

Экс-вице-министрлердің үйінен 200 миллион теңге табылды

Алматыда жол саласына маман даярлайтын жаңа кафедра ашылды