«Шын-Ар» ақпараттық порталы
АқпаратӘлеумет

Шетелде жұмыс істегісі келген қазақстандық студенттер миллиондаған теңгесінен айырылды

Шетелде жұмыс істеп, табыс табуды жоспарлаған 150-ден астам қазақстандық студент жұмысқа орналастырумен айналысатын компанияға алданып қалғанын айтып, шағымданды. Олардың сөзінше, әрқайсысы 600 мыңнан 1 миллион теңгеге дейін қаражат төлегенімен, уәде етілген жұмысқа орналаса алмаған және ақшасын қайтара алмай отыр. Бұл туралы Shyn-ar.kz ақпарат порталы КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды

Студенттер жазғы демалысын тиімді пайдалану мақсатында жеті ай бұрын шетелге жұмысқа шығу бағдарламасына қатысу үшін компанияға өтініш беріп, қаражат аударған. Көпшілігі бұл ақшаны ата-анасының көмегімен бөліп төлеу арқылы рәсімдеген. Келісімшарт бойынша шетелдік жұмыс берушілерден шақырту екі ай бұрын келуі керек болған. Алайда студенттердің айтуынша, компания өкілдері кейін байланысқа шықпай қойған.

«Компанияның Instagram парақшасында шамамен 50 мың оқырманы болғандықтан, сенім арттық. Бес адам болып бірден тіркелдік. Шарт бойынша 31 мамырға дейін жұмысқа шақырту келуі керек еді. Егер келмесе, қаражатты толық қайтарамыз деген. Басында Германиямен тікелей жұмыс істейтіндерін айтты. Кейін бас тарту келген соң, мамыр айында қырғызстандық компаниямен жұмыс істейтіндерін хабарлады», – деді студент Сұлтан Мұхамеджан.

Алданғандардың басым бөлігі Алматы, Астана және Шымкент қалаларының студенттері. Олардың айтуынша, дау басталғаннан бері компания кеңсесін бірнеше рет ауыстырған.

Студенттердің бірі Нұрай Рахманбеттің айтуынша, компания бастапқыда Германиядағы DHL логистикалық компаниясына жұмысқа орналастыруды ұсынған. Уәде бойынша жалақы сағатына 14–16 еуро көлемінде болуы керек, ал жұмыс үш айға жоспарланған.

«Кейін компания байланысқа шығуды тоқтатты, телефон қоңырауларына жауап бермейді. Біз студент болғандықтан, бұл қаражатты ата-анамыздан алдық. Енді ең болмағанда төлеген ақшамызды қайтарғымыз келеді», – деді ол.

Job 2 day компаниясының директоры Мирас Оразғалиев қаражатты қайтару міндеттемесінен бас тартпайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, мәселе шетелдік серіктестердің келісімшарт талаптарын орындамауына байланысты туындаған.

«Шарт бойынша қаражатты қайтару міндеттемесін орындаймыз. Алайда қазіргі таңда қаржылық қиындықтар бар. Себебі әр клиент үшін қырғызстандық серіктеске қызмет ақысы төленді. Біз барлық қаражатты аудардық, бірақ серіктес өз міндеттемелерін орындамай отыр. Қазір бұл мәселені шешу жолдары қарастырылуда», – деді Мирас Оразғалиев.

Компания басшысы мәселені толық шешуге үш айдан астам уақыт қажет болуы мүмкін екенін айтты. Алайда студенттер уәделерге сенбейтінін жеткізіп, құқық қорғау органдарына арыз берген.

Ұқсас жаңалықтар

Актер Асанәлі Әшімов дүниеден өтті

Мәскеуде Әлихан Бөкейхановтың мүсіні орнатылды

Трамп Зеленскийді «диктатор» деп атаған сөздерінен бас тартты