Мемлекеттік білім грантына іліге алмаған талапкерлердің оқуға түсуге әлі де мүмкіндігі бар. Биыл қазақстандық жоғары оқу орындары өз қаражаты есебінен 2 мыңнан астам грант бөлді.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, бұл гранттарды университеттердің өздері тағайындайды. Сондықтан әр оқу орнында талаптар мен грант саны әртүрлі.
Грантқа үміткерлерді таңдауда ҰБТ нәтижесі, оқу үлгерімі, «Алтын белгі» иегері болуы, олимпиада, ғылыми, шығармашылық және спорттық жарыстардағы жетістіктері, сондай-ақ әлеуметтік жағдайы ескеріледі.
Қай университет қанша грант ұсынады?
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті – 2026-2027 оқу жылына Түркия тарапы 500 білім грантын бөлді. Құжаттар 10-15 тамыз аралығында қабылданады. Оған мемлекеттік грант конкурсына қатысуға мүмкіндік беретін ҰБТ сертификаты және университет белгілеген шекті баллы бар Қазақстан азаматтары қатыса алады.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті – IT саласындағы олимпиада, жоба және байқау жеңімпаздарына 125 ішкі грант береді. Сонымен қатар жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға екі толық грант қарастырылған.
Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті – 94 грант ұсынады. Оның ішінде мектеп түлектеріне бір, екі және төрт жылдық гранттар бар. «Алтын белгі» иегерлеріне 18 төрт жылдық грант бөлінген.
Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті – 19 ректорлық грант бөлді. Олар жетім балаларға, ата-ана қамқорлығынсыз қалғандарға, ҰБТ-дан 100-ден жоғары балл жинап, бірақ мемлекеттік грантқа түсе алмаған талапкерлерге және олимпиада жеңімпаздарына беріледі.
С. Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті – талантты талапкерлерге 20 ректорлық грант ұсынады. Олар облыстық олимпиада жеңімпаздары мен «Зерделі» мектептерінің түлектеріне арналған.
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті – 12 жеке білім грантын қарастырған.
Рудный индустриялық университеті – жетім, ата-ана қамқорлығынсыз қалған, аз қамтылған, толық емес және көпбалалы отбасылардан шыққан талапкерлерге 10 ректорлық грант береді.
Қарағанды индустриялық университеті – оқу үлгерімі жақсы әрі қоғамдық өмірге белсенді студенттерге бірінші курстан кейін университет есебінен оқуын жалғастыруға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, Нариман Ишмұхамедов атындағы грант бар. Ол оқу ақысын толық өтеп, ай сайын 150 мың теңге шәкіртақы төлеуді көздейді.
Satbayev University әлеуметтік жағдайы төмен талантты жастарға жұмыс берушілер мен жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың гранттарын ұсынады. 2025-2026 оқу жылында осындай қолдауға 538-ден астам студент ие болған.
Компаниялар грант бөлген кезде жетім балаларға, мүгедектігі бар азаматтарға, ата-ана қамқорлығынсыз қалғандарға, толық емес және көпбалалы отбасылардан шыққан жастарға басымдық береді.
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті – ҰБТ-дан кемінде 100 балл жинаған талапкерлер университет грантына үміткер бола алады. Іріктеу кезінде оқу үлгерімі, «Алтын белгі», әлеуметтік жағдай және олимпиада, байқау, ғылыми жоба нәтижелері ескеріледі.
«Тұран-Астана» университеті – ҰБТ-дан 100-ден жоғары балл жинаған «Алтын белгі» иегерлеріне оқу мерзімінің соңына дейін ректорлық грант береді.
Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті – ҰБТ-дан 100-ден жоғары балл жинап, мемлекеттік грантқа түсе алмаған «Алтын белгі» иегерлеріне оқу ақысына 100 пайыз жеңілдік қарастырылған.
Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті – жаратылыстану пәндері мұғалімдерін даярлау бағдарламасына түскен «Алтын белгі» иегерлері GPA көрсеткіші 3,5-тен төмен болмаса, оқу ақысына 100 пайыз жеңілдік ала алады.
Кейбір университеттер гранттан бөлек оқу ақысына жеңілдіктер де береді.
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінде жетім балаларға, мүгедектігі бар студенттерге, университет қызметкерлерінің балаларына, бір отбасынан бірге оқып жүрген студенттерге және «Алтын белгі» иегерлеріне арналған арнайы бағдарламалар бар. Жеңілдік көлемі 15-100 пайыз аралығында.
Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университеті 14 санаттағы студентке оқу ақысына жеңілдік береді. Олардың қатарында жетім балалар, мүгедектігі бар студенттер, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан жастар, университет қызметкерлерінің балалары, «Алтын белгі» иегерлері, олимпиада және спорт жарыстарының жеңімпаздары бар. Жеңілдік 20-100 пайыз аралығында.
Не істеу керек?
Ең бастысы – мемлекеттік грантқа түсе алмадым деп бірден үміт үзбеу. Университеттердің өз гранттары мен жеңілдіктері бар.
Алайда әр оқу орнының грант саны, талаптары және құжат қабылдау мерзімі әртүрлі. Сондықтан талапкерлер таңдаған университетінің ресми сайтына кіріп немесе қабылдау комиссиясына хабарласып, грантқа қатысу шарттарын нақтылап алғаны дұрыс.
