Алматыда жер сілкінісін бақылау және сейсмикалық қауіп-қатерді алдын ала анықтау бағытында Қазақстан-Қытай бірлескен ғылыми орталығы жұмысын бастады.
Орталықтың ашылу рәсіміне Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов, Алматы әкімі Дархан Сатыбалды және Қытайдың Алматыдағы Бас консулы Су Фанцю қатысты.
Жаңа орталықта қазақстандық және қытайлық ғалымдар сейсмология саласында бірлескен зерттеулер жүргізеді. Мамандар жер сілкіністерін бақылау, олардың қаупін бағалау және тұрғындарға алдын ала ескертуге мүмкіндік беретін заманауи технологияларды әзірлеу мен жетілдіруге басымдық береді.
Сейсмикалық белсенділігі жоғары Алматы үшін орталықтың жұмысы ғылыми әзірлемелерді тәжірибеге енгізуге, халықаралық тәжірибе алмасуға және қаланың сейсмикалық қауіпсіздігін күшейтуге мүмкіндік береді.
