«Шын-Ар» ақпараттық порталы
Басты ақпаратСаясат

Тоқаев Қауіпсіздік Кеңесі мен оның Аппаратының өкілеттіктерін бекітті

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік Кеңесі мен оның Аппаратының жұмыс тәртібін айқындайтын жарлыққа қол қойды.

Құжатпен Қауіпсіздік Кеңесі және оның Аппараты туралы жаңа ереже бекітіліп, Кеңес Төрағасы орынбасарының өкілеттіктері нақтыланды.

Жаңа тәртіпке сәйкес, Қауіпсіздік Кеңесі мен оның Аппараты жаһандық қауіп-қатерлерді, ел ішіндегі өзекті мәселелерді және ықтимал тәуекелдерді кешенді түрде талдайды. Сондай-ақ ұлттық қауіпсіздікке төнетін қатерлердің алдын алу және мемлекеттік басқарудың тұрақтылығын қамтамасыз ету бағытында жұмыс жүргізеді.

Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасары Президент пен Кеңес Төрағасының тапсырмалары мен актілерінің, сондай-ақ Қауіпсіздік Кеңесі қабылдаған шешімдердің орындалуын бақылауға жауапты.

Оның негізгі міндеттеріне:

  • ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету;
  • елдің қорғаныс қабілетін нығайту;
  • заң мен тәртіпті сақтау саласындағы мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өзара іс-қимылын үйлестіру;
  • ақпараттық және киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету;
  • жасанды интеллектіні қауіпсіз әрі тиімді қолдану мәселелерін үйлестіру;
  • дербес деректерді қорғау;
  • сыбайлас жемқорлық пен экономикалық қылмысқа қарсы іс-қимыл;
  • азаматтық қорғаныс мәселелері кіреді.

Сонымен қатар Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасары аталған бағыттар бойынша мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіреді, халықаралық ынтымақтастықты дамытуға қатысады және Қауіпсіздік Кеңесі Аппаратының қызметін ұйымдастырады.

Қауіпсіздік Кеңесінің Аппараты бұдан былай дербес мемлекеттік орган ретінде жұмыс істейді. Ол Президентке тікелей бағынады және оған есеп береді.

Аппараттың басты міндеттері – ұлттық қауіпсіздік саласындағы тәуекелдерге мониторинг жүргізу, мемлекеттік басқару жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету және Қауіпсіздік Кеңесі шешімдерінің орындалуына институционалдық қолдау көрсету.

Құжатта белгіленген шаралар Қазақстанның егемендігі мен тәуелсіздігін, аумақтық тұтастығын, конституциялық құрылысын және халықаралық деңгейдегі ұлттық мүдделерін қорғауға бағытталған.

Айта кетейік, 29 тамызда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойған болатын. Құжатқа сәйкес, Президентке тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік орган ретінде Қауіпсіздік Кеңесі Аппараты құрылды.

31 тамызда Аида Балаева Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасары болып тағайындалды.

Ал 5 қыркүйекте Президент Қауіпсіздік Кеңесі Аппаратының жаңа басшысын және оның орынбасарларын тағайындады.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан бюджет тапшылығын жабу үшін 600 миллион доллар қарыз алайын деп отыр

«Не қылған сүмеңдеген жүріс»: депутат Назарбаевтың елден шығуына қатысты заң ұсынды

Ұлттық қор — ұрылар қоржыны ма? Павлодарлық шенеуніктің масқара ісі