«Шын-Ар» ақпараттық порталы
АймақтарАқпаратӘлеумет

«Балаларымызды дұрыс тамақтандыруға шамамыз жетпейді»: Ақтөбе ферроқорытпа зауытының жұмысшылары жалақыны көтеруді талап етті

Ақтөбеде ферроқорытпа зауытының жұмысшылары жалақыны көтеруді талап етіп, наразылыққа шықты. Олардың айтуынша, өндіріс көлемі артқанымен, соңғы үш жылда еңбекақы өспеген. Ал күнделікті тұрмысқа қажетті азық-түлік пен басқа да тауарлардың бағасы қымбаттаған.

Жұмысшылардың сөзінше, зауыт қызметкерлерінің басым бөлігі айына 380–400 мың теңге жалақы алады. Ал балқытушылардың айлық табысы шамамен 500–600 мың теңгені құрайды. Кейбір қызметкерлер жалақыларының бұрынғыдан да азайғанын айтып, шағымданды.

«Үш жылдан бері бір жалақыны алып келеміз. Азық-түлік қымбаттап кетті. Балаларымызды дұрыстап тамақтандыруға да шамамыз жетпей жатыр. Сондықтан бәріміз осында жиналдық», – деді наразылыққа қатысушылардың бірі.

Бұдан бөлек, жұмысшылар еңбек демалысына шығу да қиындағанын айтып, кәсіпорын басшылығынан қордаланған мәселелерді шешуді талап етті.

Наразылық білдірген қызметкерлердің алдына «Қазхром» трансұлттық компаниясының бас директоры Ержан Абдулабеков шықты. Оның айтуынша, кәсіпорынның кокс пен электр энергиясына жұмсайтын шығындары артып келеді. Алайда өндірілетін өнімнің бағасы өзгеріссіз қалған.

Компания басшысы жалақыны көтеру мәселесі қосымша келісуді қажет ететінін атап өтті. Оның сөзінше, бұған кәсіпорындағы мемлекеттің 40 пайыздық үлесі де әсер етеді.

Ержан Абдулабеков жұмысшылардың жалақысы жаңа жылдан кейін көтерілетінін мәлімдеді. Дегенмен еңбекақының нақты қанша теңгеге өсетіні әзірге белгісіз. Бұл мәселе кәсіпорынның жыл соңындағы жұмыс қорытындысы бойынша шешілмек.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстанда алғаш рет Қазақ тазысы мен төбеті күні аталып өтіп жатыр

Алматы әуежайында жолаушы түсірген жүргізушілерге 21 мың теңге айыппұл: «Онда екінші қабат не үшін керек?»

Қазақстандық блогерлер миллиардтаған табысын декларациялады