Қазақстандық инфлюенсерлер мен блогерлер 18 миллиард теңгеден астам табысын ресми түрде декларациялады. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті хабарлады.
Ресми дерекке сәйкес, 2024 жылы салық органдары 854 инфлюенсер мен блогерге 1 586 хабарлама жолдаған. Бұған 2022–2023 жылдары 71,9 миллиард теңге көлеміндегі табыстың төмен көрсетілуі себеп болған.
Қазіргі таңда 622 блогер қосымша декларация тапсырып, 18,2 миллиард теңге табысын көрсеткен. Соның нәтижесінде 875,5 миллион теңге салық есептелген.
Айта кетейік, былтыр ақпан айында қазақстандық блогерлерге миллиардтаған теңге қарыз туралы салық хабарламалары жаппай жіберілген еді. Ол кезде Мемлекеттік кірістер комитеті 594 адамның 53,3 миллиард теңге табысын кемітіп көрсеткенін мәлімдеген.
Блогер Алишер Елікбаевтың айтуынша, кейбір әріптестеріне қосымша есептелген салық сомасы 300 миллион теңгеден асып кеткен. Бұл олардың болжамды жылдық айналымы шамамен 1 миллиард теңге болуы мүмкін екенін көрсетеді.
