«Шын-Ар» ақпараттық порталы
Басты ақпаратДенсаулық

Дәрігерлер үшін ЭЦҚ міндеттеле ме? Денсаулық сақтау министрлігі жауап берді

Әлеуметтік желілерде 2026 жылғы 1 ақпаннан бастап дәрігерлер науқастарды қабылдағанын электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы міндетті түрде растауға тиіс деген ақпарат тарады. Бұл мәліметке байланысты Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі пікір білдірді.

Instagram және Threads платформаларында жарияланған жазбаларда дәрігерлер енді қабылдауға жазбаны, ауру тарихын және тағайындалған рецепттерді ЭЦҚ арқылы растауы қажет екені айтылған. Кейбір медицина қызметкерлері мұндай талап жұмыс жүктемесін арттыратынын және күнделікті тәжірибеде аса қажет емес екенін жазған.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бұл талап жаңа енгізілім емес. Электрондық медициналық құжаттаманы ЭЦҚ арқылы растау нормасы 2021 жылдан бері қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерде бекітілген.

Министрлік өкілдері ЭЦҚ мемлекеттік медициналық қызметтің нақты көрсетілгенін растауға бағытталғанын атап өтті. Электрондық қолтаңба науқас пен дәрігерді қорғап, медициналық деректердің ашықтығын қамтамасыз етеді, сондай-ақ жалған жазбалар мен «қосып жазу» тәуекелдерін азайтады.

Сонымен қатар, қазіргі ЭЦҚ арқылы растау алгоритмі дәрігерлер үшін қолайсыз екені де айтылды. Себебі әрбір көрсетілген қызметтен кейін растау талап етіледі. Осыған байланысты жүйені оңтайландыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Әкімшілік жүктемені азайту үшін ЭЦҚ-ны «бір рет басып растау» қағидаты бойынша қолдануға мүмкіндік беретін, артық әрекеттер мен қайталауды жоятын техникалық шешімдер енгізілуде.

Сондай-ақ, ЭЦҚ енгізу кезең-кезеңімен жүзеге асатыны хабарланды. Тиісті техникалық шешімдерді жетілдіру және жүйелерді біріктіру жұмыстары жалғасып жатқандықтан, 2026 жылғы 1 ақпаннан бастап барлық медициналық жазбаларды ЭЦҚ-мен міндетті түрде және жаппай растау толық көлемде қамтамасыз етілмейді.

Министрлік бұл кезеңдік тәсіл медицина саласында цифрлық құралдардың қауіпсіз әрі тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету қажеттілігімен байланысты екенін түсіндірді.

Ұқсас жаңалықтар

Тоқаев Қариннің лауазымын қысқартып, Вице-президент институтын енгізуді ұсынды

Дәрігер қазақтарға етті шектеуге кеңес берді

Бесқонақ жайлы білесіз бе?

Redaktor Shyn-Ar