ЖАҢАӨЗЕННІҢ БҰРЫНҒЫ ӘКІМІ ЖАНСЕЙІТ ҚАЙНАРБАЕВҚА ҚАТЫСТЫ ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС ТЕРГЕЛІП ЖАТЫР
Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті Жаңаөзен қаласының бұрынғы әкімі Жансейіт Қайнарбаевқа қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын жүргізіп жатыр. Бұл туралы ведомство ресми сауалға берген жауабында мәлімдеді.
«Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлаймыз. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес, өзге ақпарат жария етуге жатпайды», – делінген ҰҚК жауабында.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде Қайнарбаевтың ұсталғаны және оның адам ұрлау дерегіне қатысы болуы мүмкін екені туралы ақпарат тараған болатын.
Атап айтқанда, Koza4kov_BOT Telegram-арнасының мәліметінше, оқиға Ақтауда болған. Дереккөздің хабарлауынша, Қайнарбаев таныстарының бірімен кездескен кезде әлгі адам кетуге әрекеттенген. Алайда оны жібермей, «Lexus 600» маркалы көлігінде күштеп ұстап отырған.
Таратылған ақпаратта бұл әрекетке Самбо федерациясының бірінші вице-президенті Манарбек Бисекенов пен оның адамдары көмектескені айтылған. Кейін олар ер адамды қала сыртына алып кетуге тырысқан. Алайда жолда сегіз адамнан тұратын топты ҰҚК-нің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің қызметкерлері ұстағаны хабарланды.
Telegram-арна мәліметінше, аталған оқиғадан кейін Жансейіт Қайнарбаев пен Манарбек Бисекенов те ұсталған. Оларға қатысты қылмыстық іс алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобының адам ұрлау фактісі бойынша тергеліп жатқаны айтылған.
Кейін арна Қайнарбаевтың адам ұрлау ісі бойынша күдікті деп танылғанын хабарлады. Жарияланған мәліметке сәйкес, күдіктілер Ақтаудан бір адамды күштеп алып кетуге әрекеттеніп, оның ұялы телефонын тартып алған.
Дегенмен ҰҚК-нің ресми жауабында күдіктілердің ұсталғаны, олардың іс бойынша мәртебесі немесе қылмыстың нақты мән-жайы туралы ақпарат берілмеген.
Айта кетейік, Жансейіт Қайнарбаев 2024 жылғы ақпаннан 2026 жылғы қыркүйекке дейін Жаңаөзен қаласының әкімі қызметін атқарды. Кейін Маңғыстау облысы Қарақия ауданының әкімі болып тағайындалды.
Ал 46 жастағы Манарбек Бисекенов Самбо федерациясының бірінші вице-президенті қызметімен қатар, облыстағы бірқатар спорт ұйымдарын басқарған. Сондай-ақ спорттық жарыстарға қатысуын жалғастырып келген.
