Қазақстанда өңірлер арасындағы салық мөлшерлемелерінің айырмашылығы кәсіпкерлердің жаппай қоныс аударуына себеп болмаған. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин депутаттық сауалға берген жауабында мәлімдеді.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта салық мөлшерлемелерінің әртүрлі болуына байланысты бизнестің бір өңірден екіншісіне жаппай көшу қаупі байқалмайды.
Мысал ретінде вице-премьер 2024 жылғы көрсеткіштерді келтірді. Сол кезеңде бөлшек сауда салығы Алматыда 4%, Астанада 3%, ал Қарағанды облысында 2% болған. Алайда салық мөлшерлемесі төмен өңірлерге Алматы кәсіпкерлерінің жаппай ауысуы тіркелмеген.
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жеңілдетілген декларация негізіндегі салық мөлшерлемелерін өңірлер бойынша белгілеу тәртібі сақталды. Дегенмен Үкімет кәсіпкерлердің салық жүктемесі төмен аймақтарға жаппай қайта тіркелу деректерін анықтамаған.
Сонымен қатар биылғы бірінші жартыжылдықта салық төлеушілер декларациясында көрсеткен табыс көлемі бірқатар өңірде өскен:
- Астанада – 23,2%-ға;
- Қарағанды облысында – 23%-ға;
- Алматыда – 18,3%-ға.
Үкімет өкілдері бұл көрсеткіштерге қарамастан, бизнестің өңірлер арасындағы көші-қонына қатысты түпкілікті қорытынды жасау үшін 2026 жылдың толық қорытындысын талдау қажет екенін атап өтті.
