«Шын-Ар» ақпараттық порталы
Ақпарат

Ресей мен Украина арасындағы келіссөздер АҚШ-тың делдалдығымен Әбу-Дабиде өтеді

АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф АҚШ, Украина және Ресей өкілдерінің қатысуымен өтетін үшжақты келіссөздердің 10–11 қараша күндері Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасы Әбу-Дабиде ұйымдастырылатынын хабарлады.

Уиткофф әлеуметтік желідегі парақшасында Вашингтонның Дональд Трамп бастаған соғысты тоқтату жөніндегі бастамасын ілгерілету мақсатында Украина мен Ресей арасындағы жұмыс деңгейіндегі келіссөздерге араағайындық жасайтынын жазды.

Оның мәлімдеуінше, кездесуде соғыстан кейінгі қауіпсіздік кепілдіктері, әскери шиеленісті төмендету, гуманитарлық мәселелер және бейбіт келісімге қол жеткізудің алдағы қадамдары талқыланады.

Сондай-ақ америкалық делегация осы аптада Брюссельде Франция, Германия, Ұлыбритания, Еуропалық одақ және НАТО өкілдерімен жүздеспек. Кездесудің негізгі тақырыптары Украинаға ұсынылатын қауіпсіздік кепілдіктері, соғыстан кейінгі Еуропаның қауіпсіздік архитектурасы және Украинаны қалпына келтіруге бағытталған экономикалық жобалар болмақ.

Стив Уиткофф бұған дейін Киев, Осло және Санкт-Петербургте қол жеткізілген нәтижелерді одан әрі дамытуға ниетті екенін атап өтті. Оның пікірінше, алдағы келіссөздер болашақ ұрпақтың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ауқымды әрі ұзақ мерзімді бейбіт келісімге жол ашуы мүмкін.

Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Украина басшысы Владимир Зеленскийдің президенттік қызметтен кететін уақыты келгенін айтқан болатын. Трамптың пікірінше, Киев соғысты тоқтатуға бағытталған келісімге қол жеткізу үшін бірнеше мүмкіндікті пайдаланбай қалған.

Сонымен қатар Ақ үй басшысы Украинадан Ресейдің мұнай өңдеу зауыттарына жасалатын шабуылдарды тоқтатуды талап еткен. Ол мұндай соққылардың жанармай бағасының қымбаттауына әсер ететінін алға тартты.

11 қазандағы мәлімдемесінде Дональд Трамп Ресей мен Украина энергетикалық инфрақұрылым нысандарына шабуыл жасамау жөнінде уағдаластыққа келгенін хабарлаған еді. Оның айтуынша, екі тарап та бір-бірінің энергетикалық нысандарына жасалатын соққыларды дереу тоқтатуы қажет.

Алайда Владимир Зеленский мұндай келісімнің нақты талаптары туралы әзірге толық ақпарат алмағанын мәлімдеді. Украина президенті Ресей тарапы да шабуылдарын тоқтатқан жағдайда энергетикалық нысандарға қатысты бітімді қолдауға дайын екенін жеткізді.

Ал Мәскеу әзірге энергетикалық нысандарға шабуыл жасамау жөнінде толыққанды келісімге қол жеткізілгенін ресми түрде растаған жоқ.

Ұқсас жаңалықтар

Біріккен Араб Әмірліктері ОПЕК және ОПЕК+ құрамынан шығатынын жариялады

Ең төменгі жалақы биыл өзгеріссіз қалады – Үкімет шешім

Путин Тоқаевқа әкесі Кемел Тоқаевқа берілген марапатты табыс етті

Redaktor Shyn-Ar