«Шын-Ар» ақпараттық порталы
Басты ақпаратБілім

Қазақстанда жоғары оқу орындарын қала сыртына көшіру ұсынылды

Қазақстанда қалалардағы инфрақұрылымдық мәселелерді шешу үшін жоғары оқу орындарын, мемлекеттік мекемелер мен ауруханаларды қала шетіне көшіру ұсынылды. Мұндай бастаманы Құрылтай депутаты Юлия Кучинская көтеріп, еліміздің барлық қаласына кешенді талдау жүргізу қажеттігін айтты.

Депутаттың пікірінше, бүгінде Астана, Алматы және Шымкент қалаларында елдегі қала халқының 37 пайыздан астамы шоғырланған. Халық санының қарқынды өсуі инфрақұрылымға түсетін салмақты арттырып, жаңа аудандарда мектеп, емхана, жол және инженерлік желілер тапшылығын туындатып отыр.

Оның айтуынша, қала маңындағы елді мекендерде де жағдай күрделі. Тұрғындар санының артуына байланысты коммуналдық желілер, қоғамдық көлік пен ауруханалар шамадан тыс жүктемемен жұмыс істейді. Сонымен қатар «Агломерацияларды дамыту туралы» заң қабылданғаннан бері елорда маңында бірде-бір бірлескен жоба жүзеге аспаған. Жаңа тұрғын үй құрылысы жұмыс орындарын ашумен қатар жүрмегендіктен, тұрғындар күн сайын бірнеше сағатын жолға жұмсауға мәжбүр.

Депутат шағын қалалардағы табыстың төмендігі, инфрақұрылымның тозуы, сапалы білім мен медицинаның қолжетімсіздігі халықтың ірі қалаларға көшуіне себеп болып отырғанын атап өтті. Салдарынан өңірлерде білікті мамандар мен инвесторлар азайып барады.

Мәселені шешу үшін Кучинская жаңа тұрғын үйлерге мектептер, емханалар, жолдар мен инженерлік желілер дайын болғаннан кейін ғана адам қоныстандыруды ұсынды. Сондай-ақ мемлекеттік мекемелерді, ауруханалар мен университеттерді қала шетіне орналастырып, сол аумақтарда жұмыс орындарын ашу қажеттігін айтты.

Бұдан бөлек, барлық қаланың инфрақұрылымы мен экономикалық әлеуетін бағалау, мегаполистер мен іргелес облыстар арасында ортақ инфрақұрылым шығындарын әділ бөлу, қала мен қала маңын байланыстыратын жылдам электр пойыздарын іске қосу ұсынылды. Сондай-ақ қалалардың даму жоспарына ғалымдар мен сарапшыларды тарту қажеттігі айтылды.

Ұқсас жаңалықтар

Алматы әуежайындағы қызметкерді кепілге алған ер адамның соты басталды: Күдікті кінәсін толығымен мойындады

Қазақстанда МӘМС жарналарын төлеу және қайтару ережелері жаңартылды

Қазақстанда декретке шыққан әкелердің бала күтіміне кеткен жылдары еңбек өтіліне қосылады