«Шын-Ар» ақпараттық порталы
Ақпаратэкономика

Ескі көлігін утилизацияға тапсырған қазақстандықтарға қанша теңге төленеді?

Қазақстанда ескі көліктерді кәдеге жарату бағдарламасы аясында автокөлігін утилизацияға өткізген азаматтарға 315 мыңнан 750 мың теңгеге дейін жеңілдік сертификаты беріледі. Бұл туралы «Жасыл даму» компаниясының өкілдері мәлімдеді.

Компанияның хабарлауынша, сертификат көлемі көліктің түріне байланысты белгіленеді:

  • Жеңіл автокөлік үшін – 315 мың теңге;
  • Жүк көлігі үшін – 750 мың теңге.

Аталған сертификатты жаңа көлік сатып алу кезінде пайдалануға болады. Алайда оның көлемі жаңа автокөлікке несие рәсімдеген жағдайда бастапқы жарнаны толық жабуға жеткіліксіз болуы мүмкін.

Утилизация саласындағы заңсыздықтар анықталған

«Жасыл даму» өкілдерінің айтуынша, бұған дейін кәдеге жарату алымына бөлінген қаражатты заңсыз иемдену деректері анықталған. Осы фактілер бойынша бұрын көліктерді қайта өңдеумен айналысқан мердігер ұйым қызметкерлеріне қатысты қылмыстық істер қозғалған.

Компания басқарма төрағасының орынбасары Дархан Даутовтың мәлімдеуінше, тергеу барысында бір көлікті жалған құжаттар арқылы бірнеше рет, әртүрлі автокөлік ретінде утилизацияға өткізген жағдайлар белгілі болған.

Сонымен қатар делдалдардың да заңсыз әрекеттері әшкереленген. Мәселен, бір адамның 1700-ден астам көлікті утилизацияға тапсырғаны анықталған.

Аталған заңсыз схемаларды ұйымдастырған тұлғаларға қатысты сот үкімдері шығарылған.

Утилизация жүйесі қалай өзгереді?

Еске салайық, бұған дейін ескі көліктерді кәдеге жарату міндеті қоғамда үлкен дау тудырған «Оператор РОП» компаниясынан мемлекеттік «Жасыл даму» компаниясына берілген болатын.

Қазіргі уақытта мекеме ескі автокөліктерді қайта өңдеудің жаңа тетігін әзірлеп жатыр. Жаңа жүйенің басты мақсаты – делдалдардың араласуын шектеу, ашықтықты қамтамасыз ету және сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу.

Жаңа ережелер толық дайын болғаннан кейін олар көпшілік назарына ұсынылып, бағдарламаның жұмыс тәртібі егжей-тегжейлі түсіндіріледі.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанға шетелден автокөлік әкелу шығындарының айтарлықтай артқаны хабарланған еді. Қарағандылық Дмитрий Чаренцев көлігін жаңарту үшін шетелдік нарықты қарастырған. Алайда кедендік рәсімдеу, утильалым, алғашқы тіркеу, мемлекеттік нөмір мен жеткізу шығындарын есептегенде, көліктің жалпы құны екі есеге жуық қымбаттаған.

Оның айтуынша, шетелден өз бетінше әкелінген автокөлікті кейін жөндеу және оған қажетті қызмет көрсету де қосымша қиындықтар туғызуы мүмкін.

Ұқсас жаңалықтар

Мақсат Аханов айтыстан шеттетілді

Ресей қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Қазақстанға келді

Redaktor Shyn-Ar

Forbes-қа шыққан кәсіпкер Мөлдір Суюншали 3,9 миллиард теңгеге алаяқтық жасады деген күдікке ілінді