Мөлдір Суюншали 3,9 млрд теңге көлеміндегі алаяқтық күдігіне ілінді. Forbes тізіміне енген қазақстандық жас кәсіпкерге қатысты тергеу басталды.
Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, 2021–2024 жылдар аралығында ол “Nura Elite” коттедж қалашығын салу сылтауымен азаматтардан қаражат тартқан. Жоба бойынша 37 коттедж және 24 таунхаус салу жоспарланғанымен, нысандар толық аяқталмаған — қазіргі таңда тек қаңқалары ғана тұр. Құрылысты 2023 жылдың 4-тоқсанына дейін аяқтау міндеттемесі орындалмаған.
Тергеу дерегіне сәйкес, 56 адам жәбірленуші деп танылып, келтірілген жалпы шығын көлемі 3,9 млрд теңгені құраған. Оның ішінде 322 млн теңге күдіктінің, оның жұбайы мен анасының есепшоттарына аударылған. Сонымен қатар 145 млн теңге қолма-қол ақшаға айналдырылған.
Кәсіпкерге бір жылжымайтын мүлікті бірнеше рет сатты деген күдік те тағылып отыр. Мәселен, толық төлем жасалған коттедждің бірі кепілге қойылып, кейін үшінші тұлғалардың атына рәсімделіп, қайта сатылған. Сондай-ақ сатып алушылармен жер учаскелеріне құқық беруді көздейтін келісімдер жасалғанымен, оны иеліктен шығаруға заңды құқығы болмағаны анықталған.
Үлескерлердің қаражатының бір бөлігі Асылхан тұрғын үй кешені жобасына арналған жер телімін сатып алуға жұмсалғаны белгілі болды.
Бұдан бөлек, құрылысқа қажетті рұқсат құжаттары болмағанына қарамастан, ол Біз біргеміз қоры арқылы мұқтаж әйелге пәтер берілетіні туралы ақпарат таратқан. Алайда іс жүзінде тұрғын үй құрылысы басталмаған.
Сот санкциясымен Мөлдір Суюншалиға үй қамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.
