«Шын-Ар» ақпараттық порталы
АймақтарБасты ақпарат

Алматыдағы Неке сарайы қайтадан саудаға шығарылды

Алматыдағы Неке сарайының ғимараты қайтадан саудаға қойылды. Жаңа басқарушы нысанды жөндеп, бір жыл ішінде Есентай өзені арқылы өтетін көпір салуға міндетті. Бұл туралы сауда шарттарында көрсетілген.

Жалпы ауданы шамамен 2,2 мың шаршы метрді құрайтын ғимараттың сәулеттік келбеті мен қасбеті өзгеріссіз сақталуы тиіс. Сонымен қатар жаңа басқарушы инженерлік жүйелерді жаңартып, аумақты абаттандыруы қажет. Техникалық құжаттамаға сәйкес, нысанның іргетасы, қабырғалары, шатыры мен жертөлесі жарамды жағдайда.

Жобаны жүзеге асыру үшін басқарушы кемінде 2 миллиард теңге инвестиция салуы керек.

Сауда жеңімпазына бірқатар әлеуметтік міндеттеме де жүктеледі. Атап айтқанда, ай сайын әлеуметтік осал топтағы кемінде бес жұпқа неке қию рәсімін залды жалға алу ақысынсыз өткізуге мүмкіндік беруі тиіс. Бұдан бөлек, жылына кемінде төрт тегін мәдени-әлеуметтік іс-шара ұйымдастырып, Неке сарайы музейіне тұрғындардың еркін кіруін қамтамасыз етуі қажет.

Сондай-ақ басқарушы нысаннан түскен табысының 50 пайыздан астамын ғимаратты күтіп ұстауға және дамытуға бағыттауға міндетті.

Айта кетейік, Неке сарайы 1971 жылы сәулетші Малбағар Меңдіқұловтың жобасы бойынша салынған.

2016 жылы ғимарат 20 жыл мерзімге жеке компанияның сенімгерлік басқаруына берілген. Ол кезде компания 500 миллион теңге инвестиция салуға міндеттенген. Алайда келісімшарт талаптары орындалмағандықтан, 2023 жылы сот шешімімен келісім бұзылды.

Ал 2025 жылы Неке сарайы он жыл мерзімге басқа компанияның басқаруына берілген. Дегенмен жөндеу жұмыстары аяқталып, ғимарат қайта іске қосылмаған. Осыған байланысты нысан тағы да саудаға шығарылып отыр.

Сауда 12 қараша күні сағат 10:00-де басталады. Қатысуға өтінімдер сол күні сағат 09:55-ке дейін қабылданады. Үміткерлер 1 950 472 теңге көлемінде кепілдік жарна төлеуі қажет.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстаннан 12 тонна жанармайды заңсыз шығармақ болғандар ұсталды

Қарағандыда патронаттық ата-анасының қатыгездігінен бала мүгедек болып қалды»

Ауылдарда ит талаған баланың бәріне дер кезінде медициналық көмек жасалынбайды — Еділ Жанбыршин

Redaktor Shyn-Ar