«Шын-Ар» ақпараттық порталы
Ақпарат

Алматыда қоқыс контейнерлерін ауыстыру жобасы бюджетке 6 млрд теңгеден астам шығын әкелді

Алматыда металл «евроконтейнерлерді» жерге батып тұратын пластик контейнерлерге ауыстыру жобасы бюджетке 6 миллиард теңгеден астам шығын әкелді. Алайда қала тұрғындары тазалық жағдайының жақсармағанын айтып, биліктің түсініктеме бермеуіне наразы.

Жоба 2025 жылдың ортасында басталған. Жұмыстар бірнеше рет кешігіп, қала аумағында айлар бойы қазылған шұңқырлар мен уақытша қойылған контейнерлер жаяу жүргіншілер мен жүргізушілерге қолайсыздық туғызды. Аяқталу мерзімі алғашында тамыз деп жоспарланып, кейін қыркүйекке, ал іс жүзінде қараша айына қарай ғана ішінара аяқталған.

Жаңа контейнерлерге қатысты да шағым көп. Тұрғындардың айтуынша, үлкен көлемді дөңгелек пластик бактардың қоқыс салатын тесігі тар, стандартты қоқыс пакеттері жиі сыймайды. Кейбір аулаларда тазалық жағдайы бұрынғыдан да нашарлаған. Мұндай мысалдардың бірі – Зенков пен Қарасай батыр көшелерінің қиылысындағы алаң.

Сонымен қатар тұрғындар мен белсенділер контейнерлерді ауыстыру туралы шешімді кім қабылдағаны, олардың пішіні мен конструкциясын кім бекіткені, жеткізуші қалай таңдалғаны және балама нұсқалар қарастырылған-қарастырылмағаны жөнінде нақты жауап ала алмаған.

Мемлекеттік сатып алулар порталында контейнерлерді сатып алу бойынша ашық тендер туралы ақпарат жоқ. Ал «Элан – НС» ЖШС-не тиесілі nesori.kz сайтында 3 текше метрлік жерге батыратын контейнердің бағасы 1,4 млн теңге, 5 текше метрлік контейнер 1,6 млн теңге деп көрсетілген. Ашық деректерге сәйкес, Алматыда мұндай контейнерлер шамамен 1700 дана, бұл оларды сатып алуға кемінде 2,3–2,7 млрд теңге жұмсалғанын көрсетеді.

Бұдан бөлек, «Алматы қаласының экология және қоршаған ортаны басқару» КММ жерге батыратын контейнер алаңдарын салуға 3,2 млрд теңге бөлген. Генералдық жобалаушы – Шымкент қаласындағы «ДИАС-проект» ЖШС. Құрылыс конкурсының жеңімпазы – Алматыдағы «Еділ-Строй Сервис» ЖШС.

Контейнерлерді сатып алу мен алаңдарды салудан бөлек, қала арнайы кран-манипулятор орнатылған қоқыс таситын көліктерді де сатып алған. Қазан айында екі қоқыс машинасы 166 млн теңгеге алынған, алайда жалпы алынған техниканың саны ресми түрде жарияланған жоқ.

Осылайша, Алматыда қоқыс контейнерлерін ауыстыру жобасы бюджетке қомақты салмақ салып, тұрғындардың наразылығын тудырып отыр. Билік тарапынан жобаға қатысты толық әрі ашық түсініктеме әлі берілген жоқ.

Ұқсас жаңалықтар

32 жастағы Асылбек Ахметжанов оқу-ағарту вице-министрі болып тағайындалды

Өлім жазасына кесілген қазақстандық ұзақ жылдардан кейін бостандыққа шығады

Redaktor Shyn-Ar

Венесуэла оппозициясының көшбасшысы өзін президент деп жариялап, армияға үндеу жасады