Алматыда мопед жүргізушілеріне қатысты рейдтер күшейтілді
Алматыда жол қозғалысы ережелерін бұзатын мопед жүргізушілеріне қатысты бақылау шаралары күшейтілді. 2024 жылғы 5 сәуірден бастап мопедтерді пайдалануға қатысты жаңа талаптар күшіне енген болатын. Жаңа ережелерге сәйкес, мопед жүргізушілерінде міндетті түрде төмендегідей құжаттар мен тіркеулер болуы тиіс:
-
«А» санатындағы жүргізуші куәлігі;
-
Көлік құралын мемлекеттік тіркеуден өткізу;
-
Сақтандыру полисі;
-
Мемлекеттік тіркеу нөмірі.
Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, осы талаптар күшіне енгеннен бері шамамен 4 мың мопед жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде жол қозғалысы ережесін өрескел бұзған, яғни жүргізуші куәлігінсіз, мемлекеттік нөмірсіз немесе сақтандырусыз жүрген 1 500-ге жуық мопед айып тұрағына қойылған.
Полиция департаменті жүргізіп жатқан «Қауіпсіз жол» жедел алдын алу іс-шарасының екінші кезеңі аясында мопед жүргізушілеріне ерекше назар аударылуда.
— Жол қозғалысына қатысатын бұл санат қарапайым қауіпсіздік талаптарын жиі елемейді. Сондықтан біз олардың заң талаптарын сақтауын қатаң бақылауда ұстаймыз, — деді Алматы қаласы Полиция департаментінің Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Серік Шумаев.