«Шын-Ар» ақпараттық порталы
АймақтарАқпаратӘлеумет

Алматыда мыңдаған студентке жатақханада орын жетпейді

Студенттер жатақханасыз

Саясат Нұрбек Алматыдағы жатақхана тапшылығы жайлы пікір білдірді

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Қазақстандағы студенттерге арналған жатақхана мәселесіне қатысты түсініктеме берді. Министрдің айтуынша, Алматы қаласынан өзге өңірлерде бұл мәселе толықтай шешілген.

«Қазіргі таңда басты назар Алматыға ауып отыр. Мұнда шамамен 10 мың орын жетіспейді. Сондықтан бірінші курс студенттері жатақханаға орналастыруда басымдыққа ие болады. Жалпы алғанда, тапшылық едәуір азайды – үш жыл бұрын 87 мың орын қажет болса, бүгінде бұл көрсеткіш 10 мыңға дейін қысқарды», – деді Саясат Нұрбек Үкімет отырысында өткен брифинг барысында.

Министрдің айтуынша, жатақхана таба алмаған студенттер арнайы құрылған Ситуациялық орталыққа жүгіне алады.

«Бізде Ситуациялық орталық жұмыс істеп тұр. Кез келген курс студенті орталыққа хабарласып, көмек сұрай алады. Егер белгілі бір университетте орын болмаса немесе жоғары оқу орны нақты ақпарат бермесе, біз басқа оқу орындарымен келісім бойынша балама нұсқаларды ұсынамыз. ЖОО-лар арасында өзара үйлестіру бар – бір оқу орнында бос орын болса, басқа университеттің студенті сол жерге уақытша орналаса алады», – деді министр.

Саясат Нұрбектің айтуынша, шұғыл жағдайлар үшін Ситуациялық орталықта арнайы бес орын дайын тұр.

«Мәселен, студент түн ортасында келіп жатақханаға кіре алмаса, орталыққа жүгініп, сол түні уақытша орналаса алады. Таңертең жағдай толық анықталған соң, оны тұрақты орынмен қамтамасыз ету жағы қарастырылады. Жатақханадағы тапшылықты хостелдер арқылы шешу жоспары да бар. Бұл бағытта межуниверситеттік комиссия жұмыс істеп жатыр. Хостелдер оқу жылы басталар алдында және оқу барысында тексеріліп отырады», – деді министр.

Айта кетейік, Алматы қаласында студенттерге көмек көрсету мақсатында Ситуациялық орталық ашылған. Ол Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің негізінде жұмыс істейді. Байланыс үшін: +7 (727) 237 01 70.

Ұқсас жаңалықтар

Экс-министр Марат Бекетаев 9 жылға сотталды

Депутат “Алтын орданы“ және Болат Назарбаевтың ұлының активтерін тексеруді талап етті

Күлкінің 101 түрі бар: Сіз қалай күлесіз?