Алматыда ауа температурасының күрт төмендеуіне байланысты қала әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен жылыту маусымын мерзімінен бұрын бастау туралы шешім қабылданды.
Қаланың Энергетика және сумен жабдықтау басқармасының мәліметінше, 8 қазаннан бастап әлеуметтік нысандар – балабақшалар, мектептер және медициналық мекемелер орталық жылу жүйесіне қосыла бастайды.
Ал тұрғын үйлерге жылу беру жұмыстары 10 қазаннан басталады. Жылу қосылғаннан кейін ПИК және МИБ мамандары үйлердің ішкі жылыту жүйесін ретке келтіреді: радиаторлар мен тікқұбырлардан ауа шығарып, қысымды теңестіріп, пәтерлердің біркелкі жылынуын қамтамасыз етеді.
«АлЖЖ» компаниясы айналым режимін іске қосты. Бұл қажет болған жағдайда қаланың барлық аудандарына жылуды жедел беруге мүмкіндік береді.
Кәсіпорын қысқы маусымға толық дайын. Ықтимал ақауларды дер кезінде жою үшін материалдар мен жабдықтардың апаттық қоры жасақталған. 2025–2026 жылдардағы жылыту маусымында 16 апаттық және жөндеу бригадасы, барлығы 220 маман мен 56 техника бірлігі тәулік бойы кезекшілік атқарады.
Айта кетейік, бұған дейін Астанада ауа райының салқындауына байланысты жылыту маусымы қыркүйек айының екінші жартысында басталған болатын
