«Шын-Ар» ақпараттық порталы
Ақпарат

Халық қолдаса, жаңа Конституция қашан күшіне енеді?

Жаңа Конституция референдумда қабылданған жағдайда, ол 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Бұл туралы Конституция жобасының мәтінінде көрсетілген. Құжатқа сәйкес, егер жаңа Конституция жалпыхалықтық дауыс беруде мақұлданса, оны қабылдау күні мемлекеттік мереке болып жарияланады.

Сондай-ақ жобада жаңа Конституция қабылданған жағдайда қазіргі Парламент 2026 жылғы 1 шілдеге дейін өз жұмысын жалғастыратыны жазылған. «Қазақстан Республикасының Конституциясы 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Осы күннен бастап бұған дейін қолданыста болған Конституцияның күші жойылады. 1995 жылғы 30 тамыздағы Конституцияға сәйкес қалыптастырылған Қазақстан Республикасының Парламенті өз өкілеттігін 2026 жылғы 1 шілдеден бастап тоқтатады», – делінген жоба мәтінінде.

11 ақпанда Конституциялық комиссия мүшелері Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жаңа Конституция жобасы бойынша атқарылған жұмыстың қорытындысын ұсынды. Осыдан кейін Мемлекет басшысы конституциялық реформа бойынша референдум өткізу туралы жарлыққа қол қойды. Жарлыққа сәйкес, жалпыхалықтық дауыс беру 15 наурызда, жексенбі күні өтеді.

Референдум – азаматтардың аса маңызды мемлекеттік, өңірлік немесе жергілікті мәселелер бойынша тікелей ерік білдіру нысаны. Ол арқылы заңдар қабылданады, Конституцияға өзгерістер енгізіледі немесе шешуші саяси мәселелер қаралады. Референдум нәтижелері міндетті күшке ие болады.

Конституциялық реформа жөніндегі комиссия Президенттің 2026 жылғы 21 қаңтардағы жарлығымен құрылған. Оның негізгі міндеті – конституциялық өзгерістерге қатысты ұсыныстар әзірлеу. Бұған дейін Президент Парламент реформасы аясында Конституцияның шамамен 40 бабына өзгеріс енгізу жоспарланғанын айтқан. Алайда жұмыс барысында түзетулер саны бұдан да көп болуы мүмкін екені белгілі болған.

Ұқсас жаңалықтар

Өмір жолы өнеге: жазушы, инженер Өскенбай Құлатайұлының жаңа кітаптары жарық көрді

Redaktor Shyn-Ar

Президент Ұлттық құрылтайда көтерілген бастамаларды іске асыру жоспарына қол қойды

Астана LRT-де тіл өзгерісі: Қазақ және ағылшын, орысша жазу болмайды

Redaktor Shyn-Ar