«Шын-Ар» ақпараттық порталы
АймақтарАқпаратӘлеумет

Ауыл мектебі – ауылдың тірегі: депутат шекара маңындағы білім ошақтарын сақтап қалуға шақырды

Мектептер жабылып жатыр: депутат ауылдарды аман алып қалуға шақырды
ашық дереккөзден

Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы Үкіметке Батыс Қазақстан облысында бастауыш мектептердің жаппай жабылуына байланысты депутаттық сауал жолдады. Ол Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаевтың атына жолдаған үндеуінде шекара маңындағы ауылдардың тағдырына алаңдаушылық білдіріп, білім саласындағы кейбір нормативтерге өзгеріс енгізуді ұсынды.

Депутаттың мәліметінше, соңғы үш жылда Батыс Қазақстан облысында бала санының азаюына байланысты 12 бастауыш мектеп жабылған. Ал 2024 жылы тағы 4 мектеп (Жәнібек, Теректі, Сырым, Қаратөбе аудандарында) жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған. Бұл тек бір облыстағы жағдай, ал жалпы ел көлемінде соңғы бес жылда 194 ауыл жойылғаны туралы дерек ахуалдың ушығып бара жатқанын көрсетеді.

Аралбайұлы бұл мәселені тек білім беру саласы шеңберінде емес, ұлттық қауіпсіздік және көші-қон саясаты тұрғысынан қарастыру қажеттігін айтты.

«Адамы кеткен ауыл – картадан өшеді. Ал бос қалған шекаралық аймақ стратегиялық тұрғыдан қауіп төндіруі мүмкін», – деді депутат.

Ол Білім және ғылым министрлігінің 2022 жылғы №185 бұйрығына өзгеріс енгізіп, оқушы санына қойылатын талаптарды қайта қарауды ұсынды. Әсіресе шекаралық ауылдарға қатысты ерекше стандарттар белгілеу немесе «ерекше жағдай» ұғымын енгізу арқылы кемінде 13 мектепті жабылудан сақтап қалуға болатынын айтты.

Нартай Аралбайұлы өз сауалында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл мектептері жөніндегі ұстанымына тоқталып, «мектебі бар ауылда – тіршілік бар» деген қағиданы басшылыққа алуға шақырды.

Ұқсас жаңалықтар

10 сәуірге дейін жүргізуші куәлігін ауыстыру керек екені рас па? Полиция жауабы

БАТЫРҒА ЖАСАЛЫНҒАН ҚИЯНАТ БҰЛАЙ КЕТПЕУІ КЕРЕК

Семейде соққыға жығылған баланың отбасына қазақстандықтар 24 млн теңге жинап берді

Redaktor Shyn-Ar

Пікір жазу