Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин соңғы жылдары республикалық бюджеттің шығыстары айтарлықтай артқанын түсіндірді. Оның айтуынша, 2020 жылдан бері бюджет шығыстары 7-8 триллион теңгеге ұлғайған.
«Пандемия кезінде адамдарға әлеуметтік көмек көрсетілді, өйткені экономика жарты жыл бойы толыққанды жұмыс істеген жоқ. Азаматтарға 41 мың теңгеден бердік. Осы кезеңде халықты қолдау үшін барлық мүмкіндіктерді пайдаландық», – деді министр Мәжілісте өткен Үкімет сағатында.
Сонымен қатар, ол Ұлттық қордан алынған қаражаттың көлеміне де тоқталды. 2020 жылдан бері қордан жыл сайын 5 трлн теңгеден кем емес қаражат алынған. Алайда Жұманғариннің мәлімдеуінше, 2025 жылға арналған нысаналы трансферттер енді Ұлттық қордан сұралмайды. Бұл шешім арқылы шамамен 3,2 трлн теңге қорда қалдырылмақ. Министр бұл қаржының орны салық реформасынан түсетін жаңа кірістермен өтеледі деп сендірді.
2022 жылы бюджеттік шығыстардың өсуіне мемлекеттік қызметшілердің жалақысының көтерілуі де әсер еткен.
«2022 жылдың басында мемлекеттік қызметшілердің жалақысын арттырдық. 2020-2022 жылдардағы 22%-дық инфляцияға байланысты жалақыға жыл сайын индексация жүргізілді. Сонымен қатар инфрақұрылымға да айтарлықтай қаржы бөлінді», – деді Жұманғарин.
Министрдің айтуынша, бюджеттік шығыстардың ұлғаюы ел экономикасының дамуына тікелей инвестиция салумен байланысты.