Бүгін Әзербайжанның Ішкі істер министрлігі Бакудегі «Sputnik Әзербайжан» агенттігінің кеңсесінде арнайы операция жүргізіп, бірнеше адамды ұстады. Арасында Ресейдің Федералдық қауіпсіздік қызметінің (ФСБ) екі өкілі бар екені хабарланды. Олар осы агенттіктің қызметкерлері ретінде тіркелген.
Бұл туралы жергілікті АПА агенттігі мәлімдеді.
Аталған агенттік — Ресейдің «Россия сегодня» халықаралық медиа құрылымының Әзербайжандағы бөлімшесі. 2024 жылдың ақпанында «Sputnik Әзербайжан» қызметін уақытша тоқтату туралы шешім қабылданған. Әзербайжан тарапы бұл шешімді екіжақты ақпараттық тепе-теңдікті сақтау мақсатымен түсіндірген: яғни, Бакуде жұмыс істейтін ресейлік журналистер саны Ресейдегі әзербайжандық тілшілер санымен тең болуы керек.
Алайда, талап орындалмаған. Агенттік қызметін жалғастыра берген. Осыған байланысты жүргізілген операция барысында тыңшылықпен айналысты деген күдікпен ФСБ қызметкерлері ұсталды. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр.