«Шын-Ар» ақпараттық порталы
АқпаратӘлеумет

Билет бағасы төмен — қызмет те шектеулі: Air Astana ұшақтарында кино көрсетілмейді

Air Astana билеті арзан болғаны үшін жолаушыларына фильм көруге рұқсат бермеген
ашық дереккөзден

Air Astana рейсіне ауыстырылған FlyArystan жолаушыларына мультимедиялық жүйені пайдалануға рұқсат берілмеді

FlyArystan жолаушылары белгісіз себептермен Air Astana ұшағына ауыстырылғанымен, борттағы мультимедиялық жүйені пайдалана алмады. Бұл жағдай туралы жолаушы Әлішер Төреғали Threads әлеуметтік желісінде жазды.

Оның айтуынша, жолаушыларды FlyArystan рейсінен Air Astana ұшағына ауыстырған, алайда фильм көруге рұқсат берілмеген.

“Бізді FlyArystan рейсінен Air Astana-ға белгісіз себептермен ауыстырды. Алайда билетіміз FlyArystan-нан болғандықтан, фильм көруге тыйым салынды. Менің ойымша, дәл осы себептен біз кеш ұштық”, – деп жазды ол.

Осыған байланысты Air Astana ресми түсініктеме берді. Компания мәліметінше, FlyArystan рейстері мультимедиялық жүйемен жабдықталмаған және құлаққап ұсынылмайды. Сондықтан мұндай жағдайларда мультимедиялық жүйені пайдалану мүмкін емес.

“FlyArystan рейсі Air Astana ұшағына ауыстырылған жағдайда, қызмет көрсету FlyArystan-ның бюджеттік стандарттарына сәйкес жүзеге асырылады. Мультимедиялық жүйені пайдалану үшін арнайы құлаққап қажет. Алайда FlyArystan рейстерінде құлаққаптар берілмейді. Сондықтан бұл қызмет қолжетімсіз. Қолайсыздық үшін кешірім сұраймыз”, – делінген компания жауабында.

Сондай-ақ Air Astana ұшақтың ауыстырылуы мәжбүрлі шара болғанын, оған техникалық ақаулар немесе ұшақтың кеш келуі себеп болғанын хабарлады.

Оқиға желі қолданушылары арасында қызу талқыланып, көптеген жолаушы өз тәжірибесімен бөлісті. Көпшілігі әуе компанияның клиентке деген жауапкершілігі төмен екенін атап өтті.

“Астана–Атырау бағыты бойынша 25 маусым күні Air Astana рейсі техникалық себеппен FlyArystan ұшағына ауыстырылды. Біз билетті Air Astana-дан арнайы балалармен ұшатын болған соң сатып алған едік. Бірақ FlyArystan ұшағында мультимедиялық жүйе мүлде болмады. Рейс 1 сағатқа кешікті, түсініктеме берілмеді, өтемақы да қарастырылмады. Неге ережелер тек біржақты жұмыс істейді?” – деп жазды жолаушылардың бірі.

Тағы бір қолданушы басқа елдегі тәжірибені мысалға келтірді:

“Біз Түркияда Ajet рейсінен Turkish Airlines-қа ауыстырылдық. Сонда бізге толық қызмет көрсетілді – тамақ берілді, құлаққап та болды. Ал Air Astana жолаушыға жай ғана құлаққапты қимайды екен”, – деді ол.

Кейбір жолаушылар өздерінің ақылы түрде таңдап алған орындарының ауыстырылған рейсте ескерілмегеніне шағымданды:

“Бірде бізді Air Astana-дан FlyArystan-ға ауыстырды. Бірақ бұл туралы тек отырғызу талонынан білдік. Мен ақылы орын алған едім, бірақ оны ешкім ескермеді, ақшам да қайтарылмады”.

Ұқсас жаңалықтар

Әлем чемпионы Айсара Керімбекова 20 жылдан бері аула сыпырып жүр

Тамара Дүйсенова премьер-министрдің орынбасары қызметінен кетіп, жаңа лауазымға тағайындалды

Redaktor Shyn-Ar

Түркістан облысындағы балабақшада балалар тағамнан уланып қалды

Redaktor Shyn-Ar

Пікір жазу