«Шын-Ар» ақпараттық порталы
АқпаратДенсаулық

Денсаулық сақтау министрлігі елдегі барлық перзентхананы тексермек

Денсаулық сақтау министрлігі 15 тамызға дейін еліміздегі босандыру қызметін көрсететін барлық 69 медициналық ұйымға кешенді тексеру жүргізеді. Бұл шара аналар мен жаңа туған нәрестелердің қауіпсіздігін күшейтіп, ауруханаішілік инфекциялардың алдын алуға бағытталған.

Министрлікте өткен аппараттық кеңесте денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова инфекциялық бақылау жүйесінің тиімділігін арттыру жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді. Оның айтуынша, басты мақсат – инфекцияның салдарымен күресу емес, оның алдын алу.

«Инфекцияның әрбір жағдайы жан-жақты талданып, пациенттердің қауіпсіздігін арттыруға бағытталған нақты шешімдер қабылдануы тиіс. Ашық әрі объективті көзқарас қана медициналық көмектің сапасын жақсартуға мүмкіндік береді», – деді министр.

Тексеру барысында Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті медициналық ұйымдарда инфекциялық бақылау талаптарының сақталуын бағалайды. Сонымен қатар инфекция жағдайларын тергеп-тексеру тәсілдері қайта қаралып, санитариялық қағидалар мен мемлекеттік бақылаудың тексеру парақтары жаңартылады.

Өңірлік денсаулық сақтау басқармаларына медициналық ұйымдарды дезинфекция және зарарсыздандыру құралдарымен, жеке қорғаныш жабдықтарымен, заманауи техникамен және бір реттік медициналық материалдармен толық қамтамасыз ету, сондай-ақ медицина қызметкерлерін инфекциялық бақылау мәселелері бойынша жүйелі оқыту тапсырылды.

Бұдан бөлек, антибиотиктерге төзімділіктің алдын алу мәселесіне ерекше көңіл бөлінеді. Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті бактерияға қарсы дәрілерді рецепт арқылы босату талаптарының сақталуына бақылауды күшейтеді.

Тексеру нәтижесінде әр өңірде инфекциялық бақылау жүйесін жетілдіруге арналған арнайы жол карталары әзірленіп, бекітіледі. Министрлік бұл шаралар медициналық көмектің қауіпсіздігін арттырып, халықтың денсаулық сақтау жүйесіне деген сенімін нығайтуға ықпал етеді деп отыр.

Ұқсас жаңалықтар

Хасан Қасымбаевқа қатысты тергеу аяқталды

Дүкенде 10 мың теңгелік ескі купюралар қабылданбаса не істеу керек? Ұлттық банктің жауабы

Redaktor Shyn-Ar

«Педофил – Алланың барына дәлел»: университет ұстазының сөзі қоғамда дау туғызды